Қазақстанда қаржылық сауаттылық олимпиадасы өтеді

Қазақстанда қаржылық сауаттылық олимпиадасы өтеді
Gov.kz

3 қарашада еліміздегі 9–11-сынып оқушылары арасында қаржылық сауаттылықтан республикалық олимпиада басталады. Байқаудың алғашқы кезеңі барлық өңірдегі мектептерде Smart Daryn платформасы арқылы ұйымдастырылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Төрт кезеңнен тұратын білім сайысының басты мақсаты – оқушылардың қаржы саласындағы білімін жетілдіру, ақшаны тиімді басқаруға үйрету және қаржылық қауіпсіздікке қатысты дағдыларын қалыптастыру.

Олимпиада барысында қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, цифрлық этика, жеке және отбасылық бюджетті жоспарлау, инвестиция негіздері мен саналы тұтыну тақырыптарында тест тапсырмаларын орындайды. Осылайша, оқушылар күнделікті өмірде қажет болатын қаржылық білімдерін сынап, өз мүмкіндіктерін бағалай алады.

Мектепішілік іріктеу нәтижесінде әр ауданнан ең жоғары ұпай жинаған 30 оқушы келесі кезеңге өтеді. Аудандық олимпиада 14 желтоқсанда Smart Daryn платформасында онлайн форматта ұйымдастырылады.

Аталған білім сайысын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірлесіп өткізеді.

Ұйымдастырушылар олимпиада арқылы жасөспірімдердің қаржылық сауатын арттырып, болашақта қаражатқа қатысты дұрыс шешім қабылдауына қажетті білім мен дағдыларды дамытуға басымдық беріп отыр.