Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерді іріктеу аяқталды. Конкурстық комиссияның қорытынды отырысында 10 аталым бойынша 20 үміткер анықталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың қатысуымен өткен жиында биылғы байқаудың нәтижелері қаралды. Сыйлыққа үміткер болу үшін барлығы 504 адам өтінім берген. Құжаттарды алдын ала тексеру барысында олардың 429-ы комиссия қарауына жіберілген.
Байқау ғылым, өнер, әдебиет, спорт, журналистика және қоғамдық қызметті қамтитын 10 бағыт бойынша ұйымдастырылды. Биыл ең жоғары белсенділік «Ғылым» аталымында байқалды. Бұл бағытқа 119 өтінім түскен. Ал «Қоғамдық қызмет» санаты бойынша 75 адам бақ сынауға ниет білдірген.
Сондай-ақ «Театр және кино» аталымына 58, «Халық шығармашылығына» 43, «Классикалық музыкаға» 30, «Әдебиетке» 23 өтінім қабылданған. «Эстрада» және «Дизайн және бейнелеу өнері» бағыттарына 22 үміткерден тіркелсе, «Спорт» аталымына 20, «Журналистикаға» 17 өтінім түскен.
Үміткерлерді бағалау екі кезеңде жүргізілді. Алдымен 27–29 қазан аралығында алты бағыттық секцияның отырысы өтіп, қатысушылардың жетістіктері мен еңбектері сараланды. Осы кездесулердің нәтижесінде қорытынды комиссияға ұсыныстар әзірленді. Іріктеу жұмысына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, өнер және мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысты. Комиссия құрамына Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері де енді.
Қорытындысында әр аталымнан екі үміткер таңдалып, барлығы 20 адам келесі кезеңге өтті.
Жиын барысында министр Арман Қырықбаев комиссия мүшелеріне алғыс айтып, жас таланттарды қолдауда әділ бағалау мен ашықтық қағидаттарының маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, спорт және қоғамдық өмірде ерекше жетістікке жеткен дарынды жастарды қолдауға бағытталған.
Сыйлық иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі 26 қарашада өтеді.