Қазақстандық ғалымдар ет құрамын анықтайтын ПТР-тест әзірледі

Қазақстандық ғалымдар ет құрамын анықтайтын ПТР-тест әзірледі
Gov.kz

Қазақстанда ет өнімдерінің нақты құрамын анықтап, шикізаттың басқа ет түрімен алмастырылғанын табуға мүмкіндік беретін отандық ПТР-тест жасалды. Жаңа тест-жүйені С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жоба Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024–2026 жылдарға қаржыландыратын "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік деңгейін арттыру" ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Мамандардың айтуынша, ет өнімдерінің нақты құрамын анықтау мәселесі әлі де өзекті. Шұжық, жартылай фабрикат, консерві және басқа да өңделген өнімдердің құрамындағы ет түрі кей жағдайда қаптамада көрсетілген мәліметке сәйкес келмеуі мүмкін. Әсіресе ет ұсақталып, термиялық өңдеуден өткеннен немесе бірнеше шикізат араластырылғаннан кейін оның қай жануарға тиесілі екенін сыртқы белгілеріне қарап анықтау қиын.

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген ПТР-тест осы мәселені ДНҚ деңгейінде шешуге мүмкіндік береді. Жүйе митохондриялық цитохром b генінің түрге тән бөліктерін анықтап, 17 түрлі жануар мен құстың ДНҚ-сын ажырата алады. Олардың қатарында ірі қара, жылқы, шошқа, қой, ешкі, есек, ит және мысық бар. Сондай-ақ тест ақбөкен, марал, елік, арқар, егеуқұйрық пен тышқанның, бұдан бөлек тауық, үйрек және күркетауықтың ДНҚ-сын анықтайды.

Жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі – бір үлгінің ішінен бірнеше жануар түрінің ДНҚ-сын бір уақытта табу мүмкіндігі. Бұл зерттеу санын азайтып, реагент шығынын үнемдеуге жол ашады. Мұндай мүмкіндік құрамы бірнеше шикізаттан тұратын ет өнімдерін тексеруде маңызды.

Әдіс пайдалы модельге берілген патентпен қорғалған. Сондай-ақ тест-жүйені өндіру мен қолдануға қажетті ғылыми-техникалық құжаттар әзірленіп, университеттің ғылыми-техникалық кеңесі бекіткен.

ПТР-тест тек шикі етті емес, шұжық, ветчина, ет консервілері секілді өңделген өнімдерді де тексеруге арналған. Оны ветеринариялық және сынақ зертханалары, мемлекеттік бақылау органдары, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары мен азық-түлік сапасын қадағалайтын ұйымдар пайдалана алады.

Жаңа технология өнімнің қаптамасында көрсетілген ақпараттың шынайылығын тексеруге, ет өнімдерін бұрмалау фактілерін анықтауға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Ғалымдар отандық тест-жүйені қолданысқа енгізу Қазақстандағы ет өнімдерін зертханалық бақылау мүмкіндігін кеңейтіп, импорттық диагностикалық құралдарға тәуелділікті азайтады деп есептейді.