Қазақстанның 150 спортшысы Азия Пара ойындарында ел намысын қорғайды

Қазақстанның 150 спортшысы Азия Пара ойындарында ел намысын қорғайды
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Астанада V Азия Пара ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты түрде шығарып салды. Биыл халықаралық додаға еліміздің атынан 12 спорт түрінен 150 спортшы қатысады. Жарыс 18–24 қазан аралығында Жапонияда өтеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Елордадағы "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өткен салтанатты шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Іс-шара барысында министр ұлттық құрама мүшелеріне сәттілік тілеп, спортшылардың жарысқа дайындығы мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталды. Оның айтуынша, биыл қазақстандық параспортшылар 12 спорт түрі бойынша 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысқан. Нәтижесінде ел қоржынына 63 медаль түскен.

"V Азия Пара ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде еліміздің спортшыларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, жарысқа тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жасалды. Әрбір жеңіс – ел үшін үлкен мақтаныш!" – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр спортшыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне де назар аударды. Қазақстанда І топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін адамдардың мәртебесі заңнамалық деңгейде бекітілген. Бұл бағыттағы қолдау шараларына 2025–2027 жылдар аралығында 1,5 миллиард теңге қарастырылған.

Ал Жапонияда өтетін жарысқа ұлттық құрамамен бірге 38 еріп жүруші аттанады. Олар спортшыларға қажетті көмек көрсетіп, жарысқа толыққанды қатысуына жағдай жасайды. Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі Қазақстанның Мемлекеттік туын ұлттық құраманың ту ұстаушыларына табыстау болды.

Аичи–Нагоя 2026 ойындарының ашылу салтанатында көк туды алып шығу мәртебесі Париждегі 2024 жылғы Паралимпиаданың қола жүлдегері, пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аялаға берілді.

Ұлттық құрама атынан Дастан Мұқашбеков салтанатты ант қабылдап, ел сенімін ақтау үшін бар күшін салатынын жеткізді.

"Қазақстанның Мемлекеттік туын Азия Пара ойындарында алып шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Еліміздің көрсеткен ерекше сенімін бағалап және өзімнің жауапкершілігімді сезіне отырып, Азия Пара ойындарында еліміздің намысын лайықты қорғап, жоғары нәтижеге жету үшін өзімнің жеңіске деген бар күш-жігерімді жұмсаймын", – деді спортшы.

Қазақстандық спортшылар пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, отырып ойнайтын волейбол, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, бочча және арбадағы теннис бойынша сынға түседі.

Сонымен қатар шара барысында Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық құрамасының алғашқы ресми маскоты таныстырылды. Оған "Жеңіс" деген атау берілген. Маскот Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақалдың бейнесінде жасалған. Оның бір аяғында спорттық протез бар. Бұл ерекшелік қайсарлықты, рухтың беріктігін және адамның мүмкіндіктері шексіз екенін білдіреді.

"Жеңіс" маскоты ұлттық құрамаға Vietjet Qazaqstan компаниясының қолдауымен табысталды. Ол алдағы жарыстарда қазақстандық спортшыларға серік болып, командалық рухты көтеруге бағытталған.

Айта кетейік, V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты 18 қазанда Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Халықаралық жарысқа Азияның 45 елі мен өңірінен шамамен 4 мың спортшы қатысады деп күтілуде.

Байрақты бәсекеде спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.