Қазақстанның спорт университеті ХОК желісіне қосылды

Қазақстанның спорт университеті ХОК желісіне қосылды
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Қазақ ұлттық спорт университеті Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) олимпиадалық зерттеу орталықтарының жаһандық желісіне қосылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған университет ХОК-тың Olympic Studies and Research Centre орталығы тарапынан ресми мойындалып, Олимпиада қозғалысын, оның тарихы мен мұрасын және қоғамға ықпалын зерттейтін академиялық орталықтардың халықаралық қауымдастығына енді.

Жаһандық желі құрамындағы университеттер Олимпиада тақырыбы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оқу бағдарламаларын әзірлейді. Сонымен қатар ғылыми іс-шаралар өткізіп, зерттеу нәтижелерін жариялайды және Олимпиада ойындары мен қозғалысы туралы жаңа ғылыми еңбектердің қалыптасуына үлес қосады.

Қазақ ұлттық спорт университетінде Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – олимпиадалық тақырыпты спорт ғылымы мен білім беру жүйесінің маңызды бағыты ретінде дамыту.

Орталықта Олимпиада қозғалысының тарихы мен дамуы, олимпиадалық құндылықтар және Ойындардың мұрасы зерттеледі. Сондай-ақ студенттер, оқытушылар, ғалымдар мен спорт саласының мамандары арасында тәжірибе алмасуға арналған ғылыми алаң қалыптастыру көзделген. Халықаралық желіге қосылу университетке шетелдік академиялық орталықтармен байланыс орнатып, бірлескен зерттеулер жүргізуге және білім беру тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік береді.

Қазір әлем университеттерінде олимпиадалық білім мен зерттеулерді дамытуға бағытталған 80-ге жуық академиялық орталық бар. Қазақстан Орталық Азияда ХОК тарапынан осындай деңгейде ресми мойындалған алғашқы ел атанды.

Университеттің мәліметінше, бұл қадам Қазақстанға халықаралық тәжірибені зерделеумен қатар, Олимпиада қозғалысы аясында ұлттық ғылыми бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақ ұлттық спорт университеті Мемлекет басшысының тапсырмасымен спорт саласына қажетті жаңа буын мамандарын даярлау үшін құрылған. Университет білім беру мен спорт ғылымын, медицинаны, оңалтуды және цифрлық технологияларды біріктіретін заманауи жүйені қалыптастыруды көздейді.