Кипрдегі халықаралық саммитте Тоқаевтың Жолдауы таныстырылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында айтылған бастамалар Кипрде өткен Cyprus Fintech Summit 2026 халықаралық саммитінде таныстырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қаржылық технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық жаңашылдықтарға арналған халықаралық жиынның ашылуына Қазақстанның Кипрдегі елшісі Николай Жұмақанов қатысты. Саммитке мемлекеттік мекемелердің, қаржы ұйымдарының, халықаралық компаниялардың өкілдері, дипломаттар мен технология саласының мамандары жиналды.
Жиында сөз алған елші Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту, шетелден инвестиция тарту және жаңа технологияларды дамыту бағытында қолға алынатын жұмыстарды баяндады. Николай Жұмақанов Президент ұсынған "Халықтық құрылыс" жалпыұлттық бастамасына да назар аударды. Бұл бастама ел көлемінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Елшінің айтуынша, мұндай жобалар шетелдік инвесторлармен әріптестікті нығайтуға жол ашады.
Сонымен қатар саммитте Қазақстанның цифрлық даму жоспарлары сөз болды. Елші Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және қаржы саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелерін атап өтті.
Николай Жұмақанов Қазақстанның Кипрмен цифрландыру, қаржылық технологиялар және инвестиция бағытындағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Оның сөзінше, екі елдің бірлескен жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік мол.
Халықаралық саммит қаржы мен технология саласындағы жаңа шешімдерді талқылап, мемлекеттер мен компаниялар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған.