Республика күні: қазақстандықтар жеңілдіктен қанша үнемдей алады?
Қазақстанда Республика күніне орай басталған Republic Day және Bereke Fest акциялары жалғасып жатыр. 27 қазанға дейін еліміздің барлық өңіріндегі сауда орындарында азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника және күнделікті қажетті тауарлар жеңілдетілген бағамен сатылуда. Кейбір өнімдерге жеңілдік 50 пайызға дейін жетеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Министрлік өңірлерден алынған мәліметтерді саралап, акция кезінде тұрғындардың қанша қаражат үнемдей алатынын есептеген. Талдау нәтижесінде азық-түлік, тұрмыстық химия және маусымдық киім сатып алғанда айтарлықтай үнемдеуге болатыны анықталды.
Азық-түлікке қанша жеңілдік жасалды?
Астанада Bereke Fest аясында күнделікті тұтынатын бірқатар азық-түліктің бағасы төмендеген.
Мәселен, бұрын 1 349 теңге тұрған күнбағыс майы қазір 889 теңгеге сатылып жатыр. Ал 400 грамдық макаронның бағасы 499 теңгеден 329 теңгеге түскен. Сондай-ақ 30 дана жұмыртқаны 2 134 теңгенің орнына 1 619 теңгеге алуға болады.
Осы үш өнімді бұрын сатып алу үшін 3 982 теңге қажет болса, акция кезінде 2 837 теңге жеткілікті. Яғни тұтынушы 1 145 теңге немесе шамамен 29 пайыз қаражатын үнемдей алады.
Тұрмыстық химияның бағасы да төмендеді
Елордадағы сауда желілерінде үй шаруасына қажетті тауарларға да арнайы ұсыныстар қарастырылған.
Атап айтқанда, 5,5 келілік кір жуғыш ұнтақтың бағасы 10 239 теңгеден 5 599 теңгеге арзандаған. Кір жууға арналған 2,145 литрлік гель 10 865 теңгенің орнына 7 389 теңгеге ұсынылуда. Бұдан бөлек, 900 миллилитрлік ыдыс жуғыш сұйықтық 1 977 теңгеден 1 679 теңгеге, ал сабын 669 теңгеден 469 теңгеге арзандаған.
Аталған төрт тауардың бастапқы жалпы құны 23 750 теңге болған. Қазір оларды 15 136 теңгеге сатып алуға болады. Демек, 8 614 теңге немесе шамамен 36 пайыз үнемдеуге мүмкіндік бар.
Киім сатып алушылар 45 мың теңгеден астам қаржысын үнемдей алады
Алматыда Republic Day акциясы аясында күзгі киімдерге арнайы бағалар белгіленген.
Мысалы, маусымаралық күртешелер 39 990 теңгеден 25 990 теңгеге, джинсы шалбарлар 19 990 теңгеден 13 990 теңгеге арзандаған. Әйелдерге арналған жемпірлер 16 990 теңгенің орнына 10 190 теңгеге, худилер 17 990 теңгеден 10 790 теңгеге сатылып жатыр. Ал балалардың спорттық костюмдерінің бағасы 24 990 теңгеден 13 740 теңгеге төмендеген.
Осы бес тауарды жеңілдіксіз сатып алу үшін 119 950 теңге жұмсалса, акция кезінде 74 700 теңге жеткілікті. Нәтижесінде 45 250 теңге немесе шамамен 38 пайыз үнемдеуге болады.
Жеңілдіктер барлық өңірде қарастырылған
Мерекелік акциялар Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің өзге қалалары мен облыстарында да өтіп жатыр.
Шымкентте киім-кешек, аяқкиім, балаларға арналған тауарлар мен тұрмыстық техника арзандатылған. Атырау облысының кейбір дүкендерінде жеңілдік мөлшері 50 пайызға дейін жеткен.
Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс материалдары, жөндеуге және үйді жабдықтауға қажетті өнімдер арнайы бағамен ұсынылуда.
Ал Ұлытау, Батыс Қазақстан, Павлодар және басқа өңірлерде азық-түлік пен күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарларға жеңілдіктер жасалған.
Өңірлерден түскен ақпаратқа сәйкес, тұрғындар көбіне маусымдық киім мен аяқкиім, азық-түлік, тұрмыстық химия, электроника және үйге қажетті заттарды сатып алып жатыр.
Министрлік жариялаған есептеулер нақты сауда орындары ұсынған бағаларға негізделген. Сондықтан жеңілдік көлемі мен акция шарттары әр дүкенде әртүрлі болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 17 қазанда басталып, 27 қазанға дейін жалғасады.