Саясат Нұрбек STS Forum 2026-ға қатысты

Саясат Нұрбек STS Forum 2026-ға қатысты
Gov.kz

Киото қаласында өткен 23-ші Science and Technology in Society (STS Forum) форумы аясында ғылым және технологиялар министрлерінің дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде түрлі елдердің бейінді ведомство басшылары мен өкілдері ғылым мен технологиялардың қазіргі қоғамдағы орны, геосаяси және технологиялық өзгерістер жағдайындағы жаңа сын-қатерлер, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Саясат Нұрбек өз сөзінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі адами капиталдың сапасына, ғылыми ізденістерге қолайлы орта қалыптастыруға және жаңа технологияларды нақты экономикаға енгізу мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін айтты.

«Бүгінде біздің алдымызда жаңа буын мамандарын даярлау ғана емес, ғылыми білім мен технологиялық шешімдерді жаңа өнімдерге, компаниялар мен тұтас салаларға айналдыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру міндеті тұр. Қазақстан үшін бұл адами капиталды дамытудан білім мен озық технологияларға негізделген экономиканы қалыптастыруға кезең-кезеңімен көшуді білдіреді», – деді министр.

Жиында жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды. Қазақстан студенттер мен оқытушылардың AI саласындағы құзыреттерін жетілдіруге және технологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған AI-Sana ұлттық бағдарламасын кеңейтіп келеді.

Министрдің айтуынша, алдағы міндеттердің бірі – дарынды жастарға технологияны меңгеруден бастап ғылыми зерттеу жүргізуге, инновациялық өнім әзірлеуге және өз deep-tech жобаларын іске қосуға дейінгі толыққанды даму жолын қалыптастыру. Қазақстан халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту аясында Еуразиялық академиялық орталық құруды да маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Осы мақсатта жетекші шетелдік университеттер және ғылыми ұйымдармен стратегиялық серіктестік дамып келеді.

Негізгі жобалардың қатарында Cardiff University кампусын дамыту, Алатауда KAIST кампусын салу, сондай-ақ еуропалық университеттер және ғылыми-зерттеу консорциумдарымен байланысты күшейту бар. Форум аясында Қазақстанның жаһандық ғылыми кеңістікке ықпалдасуын арттыру, халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысу және еуропалық ғылыми бастамалармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері де көтерілді.

Дөңгелек үстелге Чили, Мысыр, Эстония, Иран, Марокко, Сенегал, Словения, Судан, Уганда және Өзбекстанның министрлері мен салалық ведомство өкілдері қатысты.

Қазақстанның STS Forum 2026-ға қатысуы халықаралық ғылыми-технологиялық серіктестікті нығайтуға, жасанды интеллект саласындағы ұлттық бастамаларды танытуға және қазақстандық ғалымдар мен технологиялық кәсіпкерлердің жаһандық инновациялық ортаға шығуына мүмкіндік беруге бағытталған.