BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады

Дана Зарылханқызы
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарында топ жарған қазақстандық спортшыларды марапаттау рәсіміне қатысып, олардың жетістігін жоғары бағалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Салтанатты жиында Президент Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында ел намысын қорғаған спортшыларға алғыс айтты. Оның сөзінше, халықаралық жарыстардағы әрбір жеңіс Қазақстанның беделін арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа жігер береді.

"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы спортшылардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысын отансүйгіштіктің жарқын үлгісі деп атады. Ол ұлттық құрама мүшелерінің жетістігіне бүкіл ел қуанып, әр медаль қазақстандықтардың мақтанышына айналғанын атап өтті.

Президент спорттағы табыстарды елімізде жүріп жатқан ауқымды өзгерістермен байланыстырды. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы соңғы жылдары нығайып, жаңа белестерге көтеріліп келеді. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, еліміздің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард долларға жуықтауы мүмкін. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Дегенмен Президент қол жеткізген нәтижелермен шектелмей, экономикалық әлеуетті одан әрі арттыру қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылы жүзеге асырылатын "Халықтық құрылыс" бастамасына кеңінен тоқталды. Бұл бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, емханалар, мәдениет ошақтары, спорт кешендері және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары бой көтермек.

Мемлекет басшысының айтуынша, ауқымды құрылыс жұмыстары тек ірі қалалармен шектелмейді. Жаңа нысандар аудандар мен елді мекендерде де салынып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталады.

Президент әсіресе спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Оның сөзінше, еліміздегі әрбір бала тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан спортпен айналысуға мүмкіндік алуы тиіс.

"Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да – осы", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа спорт кешендері мен инклюзивті орталықтардың ашылуы бұқаралық спортты дамытуға, жас таланттарды анықтауға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын атап өтті.

Осылайша, Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін құттықтай отырып, спорт саласын қолдау мен өңірлердегі инфрақұрылымды жаңарту алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары