Қазақстан мен Қытай қатерлі ісікті емдеуде ынтымақтаспақ

Қазақстан мен Қытай қатерлі ісікті емдеуде ынтымақтаспақ
https://t.me/DenMinPR

Қазақстан мен Қытай онкологиялық ауруларды анықтау және емдеу саласында жаңа медициналық технологияларды бірлесіп дамытуға ниетті. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Қытай делегациясымен кездесуінде көтерілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде тараптар қатерлі ісікті емдеуде қолданылатын заманауи әдістерге, соның ішінде CAR-T және CAR-NK жасушалық технологияларына ерекше назар аударды. Бұл әдістер науқастың иммундық жүйесінің қатерлі ісік жасушаларымен күресу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жасушалық иммунотерапия онкологиялық аурулардың кейбір түрлерін емдеуде қолданылып келеді. Алайда мұндай технологияларды Қазақстанның медициналық тәжірибесіне енгізу үшін олардың тиімділігі мен қауіпсіздігін ғылыми тұрғыдан бағалау қажет.

Тараптар қатерлі ісікті ерте анықтау жолдарын да қарастырды. Атап айтқанда, молекулалық және генетикалық диагностика мүмкіндіктерін кеңейту, скрининг бағдарламаларын жетілдіру және өкпе обырын бастапқы кезеңінде анықтау тәжірибесі сөз болды. Келіссөз қорытындысында Қазақстан мен Қытай бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Екі елдің мамандары инновациялық медициналық технологияларды бірлесіп зерттеп, оларды Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін бағаламақ.

Сонымен қатар жасушалық иммунотерапия саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, онкологиялық ауруларды ерте анықтау тәжірибесімен алмасу, дәрігерлерге арналған бірлескен оқу бағдарламалары мен тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қытайдың ғылыми және медициналық ұйымдарымен байланысты нығайту отандық онкологияның дамуына ықпал ететінін атап өтті.

"Қытайдың жетекші ғалымдарымен және медициналық орталықтарымен өзара ынтымақтастық отандық онкология ғылымы мен практиканың дамуына қосымша серпін беріп, Қазақстанның инновациялық шешімдерді енгізу жөніндегі өңірлік алаң ретіндегі әлеуетін нығайта түсетініне сенімдімін", – деді министр.

Айта кетейік, кездесуде жаңа технологияларды Қазақстанда бірден қолдану туралы шешім қабылданған жоқ. Әзірге оларды ғылыми тұрғыдан зерделеу, сараптамадан өткізу және отандық денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мүмкіндіктерін қарастыру көзделіп отыр.