Тоқаев Теміртаудағы жаңартылған трамвай жүйесімен танысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласына сапары барысында қайта жаңғыртылған трамвай жүйесінің жұмысымен танысты. Президент қоғамдық көліктің дайындығын тексеріп, қала инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға баға берді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін трамваймен жүріп өтті. Сапар барысында Мемлекет басшысына рельсті көлік жүйесін жаңғырту нәтижелері мен жолаушыларға жасалған жағдайлар таныстырылды.
Теміртауда трамвай қатынасын қалпына келтіру жұмыстары соңғы екі жылда жүргізілген. Осы уақыт аралығында Qarmet компаниясы қала тұрғындарының игілігіне берген қоғамдық көлікпен 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Жоба аясында қаладағы 30 шақырым трамвай жолы жөнделіп, тозған бөліктері ауыстырылды. Сонымен қатар заманауи үлгідегі сегіз жаңа вагон сатып алынды. Соның нәтижесінде трамвайлардың белгіленген кесте бойынша тұрақты қатынауына жағдай жасалған.
Жаңартылған вагондар электронды төлем жүйесімен жабдықталған. Ал Qarmet кәсіпорнының қызметкерлері мен ардагерлері қоғамдық көліктің бұл түрін тегін пайдалана алады.
Президент компания басшылығымен кездесуде Теміртау үшін трамвай қозғалысын қайта жандандырудың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көлік түрі қала тарихының ажырамас бөлігіне айналған.
«Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet басшылығына комбинат жұмысын қолға алған кезде қаланы абаттандыру мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтқанын еске салды. Президенттің сөзінше, Теміртауда ұзақ уақыт бойы қордаланған мәселелер болғанымен, бүгінде оң өзгерістер байқала бастаған.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының табиғи газбен қамтамасыз етілгеніне де тоқталды. Сондай-ақ инфрақұрылымның жаңаруы мен өндіріс орнындағы өзгерістер халықтың және еңбек ұжымының көңіл күйіне оң әсер етіп жатқанын жеткізді.
«Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», – деді Президент.
Осылайша, Теміртаудағы трамвай жүйесін жаңғырту қаланың көлік қатынасын жақсартумен қатар, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналды.