Тоқаев ҰҚК-нің жаңа төрағасына тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылық құрамымен кездесу өткізіп, ведомствоның жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын жаңғыртып, қызмет тиімділігін арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ комитет алдында тұрған міндеттерді орындаудың тың жолдарын қарастырып, саладағы өзгерістерді жалғастыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң мен Тәртіп" қағидатын берік ұстануға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздік органдары елдің экономикалық мүддесін қорғап, жемқорлық пен өзге де заңсыз әрекеттерге қарсы күресті күшейтуі керек.
Президент комитеттегі кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіруді де тапсырды. Сонымен қатар елдегі әлеуметтік және экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдайларды дер кезінде анықтап, олардың алдын алу маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы басым мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін алдын алу шараларын күшейтуді міндеттеді.