2026 жылғы 1 қазаннан бастап WhatsApp Business Platform арқылы жіберілетін кейбір хабарламалардың ақысы өзгереді. Енді компаниялар клиент хабарласқаннан кейін ашылатын 24 сағаттық уақыт аралығында жіберілген қызметтік хабарламалар үшін де ақы төлеуі мүмкін, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қандай хабарламалар ақылы болады?
Қазір клиент компанияға бірінші болып жазғаннан кейін 24 сағат бойы еркін хат алмасуға мүмкіндік беріледі. Осы уақытта оператор арнайы дайын үлгіні қолданбай-ақ тапсырыс туралы ақпаратты нақтылап, сұрақтарға жауап беріп немесе туындаған мәселені шешуге көмектесе алады. Мысалы, клиент «Тапсырысым қайда?» деп сұраса, компания өкілі «Тапсырысыңыз жөнелтілді», кейін «Ертең жеткізіледі» деп жауап беруі мүмкін. 24 сағаттық уақыт ішінде дайын үлгісіз жіберілген мұндай жауаптар қызметтік хабарламалар санатына жатады.
1 қазаннан бастап осындай хабарламалар ай сайын берілетін қызметтік хабарламалар лимитіне есептеледі. Тегін лимит аяқталған соң әрбір келесі хабарлама үшін ақы алынады. Ал клиенттің компанияға өзі жіберген хабарламалары бұрынғыдай тегін болады.
Дайын хабарлама үлгілеріне де өзгеріс енгізіледі
Жаңа тәртіп операторлардың қарапайым жауаптарымен ғана шектелмейді. Клиентпен байланыс орнатылған 24 сағат ішінде жіберілетін қызметтік utility үлгілері де ақылы болады. Бұған дейін мұндай жағдайда олар үшін ақы алынбайтын.
Ал жарнамалық және пайдаланушыны растауға арналған authentication үлгілері қазірдің өзінде ақылы. Сондықтан олардың төлем тәртібі өзгермейді.
Айына 1000 хабарлама тегін беріледі
Әрбір бизнес-нөмірге ай сайын 1000 қызметтік хабарламаны тегін жіберуге мүмкіндік беріледі. Осы мөлшерден асқаннан кейін әр хабарлама тиісті елге белгіленген тариф бойынша есептеледі. Бір айда пайдаланылмай қалған тегін хабарламалар келесі айға ауыстырылмайды.
Сонымен бірге кейбір жағдайда 72 сағаттық тегін кезең сақталады. Мәселен, клиент компанияға Click-to-WhatsApp жарнамасы немесе Facebook парақшасындағы арнайы батырма арқылы хабарласса, осы кезең ішінде жіберілген хабарламалар үшін ақы алынбайды.
Қазақстан үшін жеке тариф белгіленеді
1 қазаннан бастап Қазақстан utility және authentication санатындағы хабарламалар үшін жеке тарифтік нарық ретінде қарастырылады. Бұған дейін ел өңірлік тариф санатына кіретін.
Meta мәліметіне сәйкес, қазақстандық нөмірлерге жіберілетін тиісті хабарламаның құны 0,018 долларды, яғни шамамен 8 теңгені құрайды.
WhatsApp Business қосымшасы ақылы болмайды
Өзгеріс кәсіпкерлер күнделікті қолданатын WhatsApp Business қосымшасының ақылы болатынын білдірмейді.
Жаңа тарифтер WhatsApp Business Platform жүйесіне қатысты. Бұл – компанияларға WhatsApp-ты CRM жүйелерімен, чат-боттармен және басқа сервистермен API арқылы байланыстыруға мүмкіндік беретін платформа.
Демек, 1 қазаннан бастап қосымшаның өзі емес, бизнеске арналған жекелеген хабарламаларды жіберу тәртібі өзгереді. Компанияның нақты шығыны жіберілген хабарламалардың санына, санатына және Қазақстан үшін белгіленген тарифке байланысты болады.