BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Ақтөбе облысында Жастар саясаты басқармасының басшысы ауысты

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Нұршашқан Ізбасарова Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып тағайындалды. Тиісті өкімге облыс әкімі қол қойды. Тағайындау Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа басшыны облыс әкімі Асхат Шахаров актив отырысында таныстырды. Өңір басшысы жастар саясаты саласындағы жұмысты жандандырып, жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың тың бастамаларын қолдауға басымдық беруді тапсырды.

Нұршашқан Ізбасарова туралы не белгілі?

Нұршашқан Ғаниқызы 1990 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде білім алып, 2011 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленген. 2013 жылы осы бағытта магистратураны аяқтаған.

Еңбек жолын 2011 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысындағы басқармасында қоғамдық жұмысшы ретінде бастаған.

Кейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында іс жүргізуші болып еңбек етті. 2013–2017 жылдары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бас маман қызметін атқарды.

2017 жылдан бастап облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында жұмыс істеп, алты жыл бойы бөлім басқарды. 2023 жылдың сәуірінде аталған басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Айта кетейік, бұған дейін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасын басқарған Әлімбек Тұралиев жаңа қызметке ауысты. Ол Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары