Елордадағы Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында "Музыка на все времена" атты музыкалық кеш өтті. Концертте әлемдік опера мен оперетта өнерінің таңдаулы туындылары орындалды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстанның мемлекеттік симфониялық оркестрі көрермендерге Италия, Франция, Чехия және Аустрия композиторларының шығармаларынан құралған концерттік бағдарлама ұсынды. Кеште әлемге танымал опералардан ариялар мен дуэттер шырқалып, классикалық музыканың үздік үлгілері орындалды.
Сахна төрінде Медет Шотабаев, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Капонова, Салтанат Ахметова, Азат Мәлік, Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Лаура Ғалым және Талғат Аллабиринов өнер көрсетті. Ал симфониялық оркестрге оның көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.
Концерт Пьетро Масканьидің "Ауыл абыройы" операсынан алынған интермеццомен ашылды. Одан кейін көрермендер "Севилья шаштаразы", "Тұрандот", "Травиата", "Ромео мен Джульетта", "Русалка" сынды әйгілі опералардың музыкалық үзінділерін тыңдады. Сондай-ақ кеш барысында Франц Легар мен Имре Кальманның танымал оперетталарынан үзінділер ұсынылды. Әртістер жеке орындауларымен қатар, дуэт болып та өнер көрсетті.
Музыкалық кештің қорытындысында барлық әнші сахнаға бірге шығып, Джузеппе Вердидің "Травиата" операсындағы әйгілі "Brindisi" туындысын орындады.
Концертке арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатарында Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі Батыр Чарыев пен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Таалайбек Усубалиев болды.
Осылайша елорда көрермендері кәсіби опера әншілері мен симфониялық оркестрдің орындауындағы әлемдік классикалық музыканың жауһарларын тыңдауға мүмкіндік алды.