Алматыда дәрі-дәрмек сатып алу заңдылығы тексеріледі

Алматыда дәрі-дәрмек сатып алу заңдылығы тексеріледі
Gov.kz

Алматыда дәрі-дәрмекті шамадан тыс сатып алуға жұмсалуы мүмкін 15,8 млрд теңге үнемделді. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 42,5 млрд теңгеден асты. Енді қаладағы медициналық ұйымдардың дәрі сатып алу тәртібі мен тегін берілетін препараттардың дәріханаларда сатылуы мүмкін деген ақпарат тексеріледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл мәселелер Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысына арналған алқа отырысында көтерілді. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты. Отырыста бюджет қаржысын тиімді жұмсау, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталуы талқыланды.

Алматыдағы дәрі сатып алу тәртібі тексеріледі

Жиында бірқатар медициналық ұйымның Бірыңғай дистрибьютор арқылы алынуға тиіс дәрілерді өз бетінше сатып алғанына назар аударылды.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Фармация комитетіне Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп, мұндай сатып алулардың заңдылығын тексеруді тапсырды. Сонымен қатар халыққа тегін берілуге тиіс дәрілердің жекеменшік дәріханаларда сатылуы мүмкін деген ақпарат та назардан тыс қалмайды. Жауапты органдар препараттардың қайдан жеткізілгенін, кімдердің қолынан өткенін және олардың саудаға қалай түскенін анықтауы қажет.

Егер заңбұзушылық расталса, кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылданады.

Дәрі-дәрмекке бөлінген 42,5 млрд теңге үнемделді

Министрлік мәліметінше, медициналық мекемелердің дәрі-дәрмекке берген өтінімдері қайта қаралып, сатып алынатын препараттардың көлемі нақты қажеттілікке сәйкестендірілген. Нәтижесінде республика бойынша 42,5 млрд теңгеден астам қаражаттың негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Оның 15,8 млрд теңгесі Алматы қаласына тиесілі.

Бұл шара медициналық ұйымдардың қажетті мөлшерден артық дәрі сатып алуына тосқауыл қоюға мүмкіндік берген.

Медициналық ұйым басшыларының жауапкершілігі күшейтіледі

Ақмарал Әлназарова кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бөлінетін қаржының ашық әрі мақсатты жұмсалуы маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ медициналық құжаттардың дұрыс жүргізілуі, көрсетілген қызметтер туралы мәліметтердің шынайылығы және ұйым басшыларының қаржылық әрі емдеу нәтижелеріне жауапкершілігі мәселелері көтерілді.

Алдағы уақытта Фармация комитеті дәрі-дәрмек айналымына бақылауды жалғастырады. Негізгі мақсат – бюджет қаражатының ысырап болуына жол бермеу, фармацевтика нарығындағы ашықтықты арттыру және тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз ету.