BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Ақтөбелік ғалымдар радиацияны бір минутта анықтайтын құрылғы жасады

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары радиацияның материалдарға әсерін зерттеуге арналған ықшам құрылғы әзірледі. Салмағы небәрі үш келі болатын мобильді кешен бұрын 20–30 минутқа созылатын өлшеу жұмысын шамамен бір минутта орындай алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа технология университет жанындағы «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында жүргізілген ұзақ жылғы зерттеулердің нәтижесінде жасалды. Жобаға физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев жетекшілік еткен. Ол шәкірттерімен бірге радиациялық құбылыстарды зерттеуге арналған жабдықты жетілдірген.

Ғалым 1980-жылдардан бері ядролық физика саласында ғылыми жұмыстармен айналысып келеді. Оның жетекшілігімен әзірленген жаңа кешен радиация әсерінен кристалдарда пайда болатын әлсіз жарық сигналдарын тіркейді. Алынған мәліметтер сәулеленудің ерекшеліктерін анықтауға және материалдардың радиацияға қалай әсер ететінін зерттеуге мүмкіндік береді.

Бұрын жарты сағатқа созылған жұмысты бір минутта орындайды

Жаңа құрылғының басты артықшылығы – ықшамдығы мен өлшеу жылдамдығы. Бұған дейін ғалымдар зертханада ғана қолданылатын көлемді жабдықтарды пайдаланса, енді тәжірибелерді мобильді кешен арқылы жүргізе алады.

«Бұған дейін зерттеулерде көлемді, бір орында пайдаланылатын жабдық қолданылды. Жаңа құрылғының салмағы небәрі үш келі. Ол бір спектрді шамамен бір минутта өлшейді. Ал бұрынғы аппаратқа осы жұмыс үшін 20–30 минут қажет болатын. Бұл әсіресе қысқа уақыт ішінде жоғалып кетуі мүмкін әлсіз сигналдарды тіркеу кезінде маңызды», – деді Қуанышбек Шүңкеев.

Құрылғыны жасау барысында бұрын қолданылған аппараттың негізгі бөлшектері жаңартылып, заманауи өлшеу жүйесіне бейімделген. Кейбір қажетті компоненттер Беларусь пен Жапониядан жеткізілген. Әзірлеме Астанадағы Ядролық физика институтының ДЦ-60 үдеткішінде сынақтан өткен. Бұдан бөлек, зерттеушілер Германияның Гамбург қаласындағы зертханада тәжірибелер жүргізген.

Жаңа технология қай салада қолданылады?

Мобильді кешеннің жұмыс істеу принципі арнайы кристалдардың қасиетіне негізделген. Сцинтиллятор деп аталатын бұл материалдар гамма, рентген сәулелері мен иондаушы бөлшектердің әсерінен өте қысқа уақытқа жарық шығарады. Құрылғы осы әлсіз жарық сигналдарын тіркеп, талдайды. Нәтижесінде ғалымдар сәулеленудің сипаттамаларын анықтап, оның материалдардың физикалық қасиеттеріне әсерін зерттей алады.

Кешеннің тағы бір ерекшелігі – оны зертханадан тыс жерде пайдалануға болатындығы. Қазір ақтөбелік мамандар құрылғыны жергілікті өндірістегі рентген аппаратына қатысты тәжірибелерде қолданып жатыр. Сонымен қатар зерттеушілер Күн спектрін өлшеу және әртүрлі материалдардың сәулелену әсерінен өзгеруін анықтау бағытында жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Әзірлеме халықаралық зерттеулерде қолданылуы мүмкін

Ғалымдар жаңа технология радиациялық датчиктерді жетілдіруге, сәулелену деңгейін өлшейтін жабдықтардың мүмкіндігін кеңейтуге және радиацияға төзімді материалдарды зерттеуге көмектеседі деп есептейді.

Мұндай ғылыми жұмыстардың атом энергетикасы саласы үшін де маңызы зор. Әсіресе атом электр станцияларын салу және пайдалану кезінде материалдардың радиацияға төзімділігін зерттеу өзекті саналады. Алдағы уақытта ақтөбелік ғалымдар құрылғыны халықаралық ғылыми жобаларға енгізу және шетелдік зерттеу орталықтарымен бірлесіп пайдалану мүмкіндігін қарастырмақ.

Осылайша, отандық зерттеушілер жасаған ықшам кешен радиациялық физика саласындағы тәжірибелерді жылдам әрі қолайлы жүргізуге жол ашуы мүмкін.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары