Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы мектептер мен оңалту орталықтарының желісі кеңейтіледі. Жаңа білім беру нысандарын салу жоспары туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Министрдің айтуынша, елімізде инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше балаларға арналған мекемелер санын көбейту және осы салада жұмыс істейтін мамандарды даярлау жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Оларға қолдау көрсететін 541 арнайы ұйым жұмыс істейді.
20 өңірде жаңа мектептер салынады
Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында еліміздің 20 өңірінде жалпы сыйымдылығы 1 мың орын болатын жаңа үлгідегі арнайы мектептер салу жоспарланған. Сонымен қатар облыстарда оңалту және сауықтыру кабинеттері қарастырылған, жалпы сыйымдылығы 600 орындық ұйымдар ашу көзделіп отыр.
Бұл бастамалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына және қажетті қолдауды тұрғылықты жеріне жақын жерде алуына мүмкіндік беруге бағытталған.
2027 жылы 500-ден астам логопед даярланады
Ерекше балалармен жұмыс істейтін білікті мамандар санын арттыру да басты міндеттердің бірі болып отыр.
Қазір мұндай мамандар еліміздегі 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен 9 колледжде даярланады. Жоспар бойынша 2027 жылы колледждер 500-ден астам логопед мамандығын меңгерген түлекті оқытып шығармақ.
Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде 7,5 мың педагог-ассистент қызмет етеді. Олар ерекше қолдауды қажет ететін балалардың оқу процесіне бейімделуіне және білім алуына көмектеседі. Биылғы оқу жылынан бастап алты колледжде педагог-ассистенттерді арнайы даярлау қолға алынды. Бұл бағытқа 210 студент қабылданған.
Балаларға ерте қолдау көрсету мүмкіндігі кеңейеді
Ерекше білім беру қажеттіліктерін дер кезінде анықтау үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) желісін кеңейту жоспарланып отыр. Қолданыстағы талап бойынша бір консультация 50 мың балаға есептелсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 40 мың балаға дейін төмендету көзделген. Мұндай өзгеріс аталған қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жалғасады. 2024 жылы "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңғыртылған.
Министрлік қорымен бірлескен жобаларды алдағы уақытта да жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, елімізде Инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілген. Құжат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға, түрлі мекемелердің жұмысын үйлестіруге және өңірлердегі білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.