Қазақстанда алғаш рет ТМД ғалымдарының форумы өтті

Қазақстанда алғаш рет ТМД ғалымдарының форумы өтті
Gov.kz

29 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында ТМД елдері ғалымдарының VI форумы басталды. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық жиынға сегіз мемлекеттің жетекші ғалымдары мен ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған форум «Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: ынтымақтастық пен дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан ғалымдары жиналды.

Жиынның негізгі мақсаты – елдер арасындағы ғылыми байланысты нығайту, бірлескен зерттеулер жүргізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін ғылым мен экономикада тиімді пайдалану.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында жасанды интеллект ғылыми жаңалықтар ашуға және экономиканы дамытуға жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялардың әлеуетін толық пайдалану үшін мемлекеттер өзара тәжірибе алмасып, ғылыми ресурстарын біріктіруі қажет.

Форумда сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллектінің зерттеу жұмыстарын жылдамдатуға ықпал ететінін айтты. Дегенмен технология ғылыми әдіс пен адамның сыни ойлау қабілетін алмастыра алмайтынын ескертті.

«Жасанды интеллект зерттеушінің мүмкіндіктерін кеңейте алады, алайда ғылыми әдісті, сыни ойлауды және кәсіби жауапкершілікті алмастыра алмайды», – деді ол.

Сонымен қатар жиында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар таныстырылды. Олардың қатарында әлемдік ғылыми үрдістерді талдауға арналған AI SilkNet орталығы, ғылымға жасанды интеллект енгізуді көздейтін Qazaqstan AI for Science бастамасы және су тапшылығы мен табиғи апат қаупін болжауға бағытталған DeepBAS платформасы бар. Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап DeepBAS жобасы аясындағы жасанды интеллект жүйесін еліміздің үш ірі су бассейнінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

Форум 30 қазанда да жалғасады. Қатысушылар медицина, ауыл шаруашылығы, білім беру, энергетика және экология салаларында жасанды интеллектіні қолдану жолдарын талқылайды.

Екі күндік жиын қорытындысында мемлекеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен жобаларды дамытуға арналған ұсынымдар қабылданбақ.