BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Алдар көсе енді рэп оқиды: Астанада ерекше мюзикл сахналанды

https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «Алдар көсе» мюзиклі көрермен назарына ұсынылды. «Astana Musical» мемлекеттік театры дайындаған қойылымда қазақ ертегісінің танымал кейіпкері заманауи қырынан бейнеленді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Халық ауыз әдебиетіндегі ақылды әрі айлакер Алдар көсенің оқиғалары бұл жолы музыкалық қойылым арқылы жаңаша өрбіді. Сахнада ұлттық салт-дәстүр, әзіл-қалжың, ән мен би үйлесім тауып, көпшілікке ерекше форматтағы туынды ұсынылды.

Мюзиклдің режиссері – Есләм Нұртазин. Музыкасын Ербол Нариманұлы мен Ақжол Өмірзақов жазған. Ал қойылымның авторлары қатарында Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Есләм Нұртазин және Әннас Бағдат бар.

Жаңа туындыда Алдар көсе тек тапқырлығымен ғана емес, өнерімен де ерекшеленеді. Ол сахнада ән айтып, би билеп, тіпті рэп орындайды. Кейіпкер түрлі қиындыққа тап болғанымен, ақыл-парасаты мен айласының арқасында кедергілерді еңсеріп, әділетсіздікке қарсы күреседі.

Қойылымның сахналық безендірілуіне де ерекше мән берілген. Ұлттық өрнектермен көмкерілген декорациялар заманауи жарық әсерлерімен толықтырылған. Әртістердің сәнді костюмдері мен музыкалық нөмірлері оқиғаның әсерін күшейте түсті. Сахнада Бәйтерек пен тайқазан бейнелері, ертегі әлеміндегі алыптар мен айдаһарлар көрініс тапты. Ал ұлттық «Қара жорға» биі мюзиклдің көркемдік мазмұнын байыта түсті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қойылымның басты мақсаты – қазақ халқының бай фольклорлық мұрасын жаңа форматта таныстыру. Ертегі кейіпкерлерін заманауи музыка және сахна өнерімен ұштастыру арқылы жас көрермендердің ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру көзделген.

Осылайша, ғасырлар бойы халық арасында тапқырлығымен танылған Алдар көсе бұл жолы көрермен алдына әнші, биші әрі рэп орындаушысы ретінде шықты.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары