Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевқа 65 жасқа толуына орай құттықтау жолдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада өткен кездесу барысында өнер иесіне табыстады.
Президент әншінің қазақ мәдениетін өркендетуге, ұлттық музыкалық мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
"Өзіңізге тән қоңыр дауысыңыз бен ерекше орындаушылық мәнеріңіз талғампаз тыңдарманның жүрегінен орын алды. Сіз дәстүр сабақтастығын сақтап, халық әндері мен белгілі композиторлардың таңдаулы туындыларын насихаттауға мол үлес қосып келесіз. Ізденіске толы шығармашылық жолыңыз жемісті болып, талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз", – делінген құттықтау хатында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрлан Өнербаевтың ұлттық өнерді дәріптеудегі және жас таланттарды тәрбиелеудегі үлесін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасылық амандық және шығармашылық табыс тілеп, қазақ руханиятын дамыту жолындағы еңбегінің жемісті болуына тілектестік білдірді.