Алматыда ислам әлемінің мәдени мұрасын қорғауға арналған семинар өтіп жатыр
Алматыда 3–5 қараша аралығында ислам әлемінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау мәселелеріне арналған ІІ өңірлік семинар ұйымдастырылды. Жиынға Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның мәдениет саласындағы мамандары қатысып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараны Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі, ИСЕСКО-ның Бакудегі өңірлік кеңсесі және ұйымның Ислам әлемі мұрасы орталығы бірлесіп өткізіп жатыр.
Семинарға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан мемлекеттік мекемелердің өкілдері, тарихи ескерткіштерді қорғау саласының сарапшылары мен мамандары жиналды.
Үш күнге жоспарланған басқосудың басты мақсаты – өңір мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтып, тарихи жәдігерлер мен рухани құндылықтарды сақтаудың тиімді жолдарын талқылау. Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби білімдерін жетілдіреді.
Семинар барысында мамандар ИСЕСКО ұсынған халықаралық талаптармен танысады. Атап айтқанда, тарихи нысандарды Ислам әлемінің мұра тізіміне енгізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу, олардың мәдени маңызын анықтау және құндылығын бағалау мәселелері қарастырылады.
Бұдан бөлек, тәжірибелік сабақтарда мәдени мұра нысандарын есепке алу, оларды қорғау шараларын жоспарлау және ұзақ мерзімге сақтаудың тиімді тетіктері талқыланады.
Айта кетейік, мұндай форматтағы алғашқы өңірлік семинар Әзербайжан астанасы Бакуде өткен. Алматыдағы кезекті кездесу осы бастаманың жалғасы болып, қатысушы елдердің тарихи-мәдени мұраны қорғау және оны әлемге таныту бағытындағы ортақ жұмысын дамытуға мүмкіндік береді.