Жетісу облысында полиция қызметкерлері жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында университет студенттерімен кездесті. Жиында интернет алаяқтығы, жеке деректердің қауіпсіздігі және есірткі қылмысына қатысты жауапкершілік мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған кездесу Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өтті. Студенттермен жүздесуге облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы, киберқылмысқа қарсы күрес және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Тәртіп сақшылары жастарға заң бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіріп, соңғы уақытта кең таралған интернет алаяқтығының түрлеріне тоқталды. Сондай-ақ жеке мәліметтерді бөтен адамдарға бермеу, әлеуметтік желілерде сақтық таныту және күмәнді ұсыныстарға алданып қалмау жолдары сөз болды.
Кездесуде есірткіні заңсыз тарату мен айналымға енгізудің қылмыстық жауапкершілігі де түсіндірілді. Әсіресе жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз әрекеттерге тарту қаупіне назар аударылды. Полиция қызметкерлері студенттерге мұндай жағдайларда сақ болудың маңызын жеткізді.
Жиын еркін әңгіме түрінде өтіп, жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Тәртіп сақшылары олардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай кездесулер жастардың заң жөніндегі білімін арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.