Алматыда жасанды интеллект қолданылатын жаңа зертхана жұмыс істейді
Алматыда жасанды интеллект технологиялары қолданылатын жоғары технологиялық зертхана жұмыс істеп тұр. И. Жекенова атындағы инфекциялық аурулар ауруханасында орналасқан кешен тәулігіне 15 мыңға дейін биологиялық сынаманы қабылдап, жылына 5 миллионға дейін зерттеу жүргізе алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен бірге зертхананың жұмысын көріп, ондағы заманауи жабдықтармен және диагностикалық мүмкіндіктермен танысты.
Жалпы аумағы 2 480 шаршы метрді алып жатқан кешенде зерттеу жұмыстарының басым бөлігі автоматтандырылған. Мұнда жасанды интеллект элементтері енгізілген арнайы жүйе биологиялық материалды қабылдау, сұрыптау, талдау және дайын нәтижелерді жолдау жұмыстарын бірізді атқарады.
Мұндай технология қызметкерлердің қолмен орындайтын жұмысын азайтып, қателесу ықтималдығын төмендетеді. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерін жылдам алуға және биологиялық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге мүмкіндік береді.
Зертханада бес негізгі бағыт бойынша зерттеу жүргізіледі. Олардың қатарында автоматтандырылған зертханалық талдаулар, иммуноферменттік талдау (ИФТ), полимеразды тізбекті реакция (ПТР), микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер бар. Бұл әдістер түрлі инфекцияларды анықтауға және ауруларды дер кезінде диагностикалауға көмектеседі.
Сапар барысында қатысушыларға зертхананың қалалық медициналық ұйымдармен ақпарат алмасу жүйесі де таныстырылды. Сондай-ақ биологиялық сынамаларды бір орталыққа жеткізу тәртібі мен зерттеу сапасын бақылау тетіктері көрсетілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа технологиялар зертханалық қызметті тиімді ұйымдастыруға, уақыт пен ресурсты үнемдеуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға жол ашады. Алматыдағы бұл тәжірибе алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде зертханалық қызметті жетілдіруге үлгі ретінде қарастырылып отыр.