Анкарада «Құрылтай феномені» кітабы түрік тілінде таныстырылды
Түркия астанасы Анкарада қазақ халқының тарихи мұрасы мен түркі дүниесіндегі құрылтай дәстүріне арналған халықаралық ғылыми-мәдени жиын өтті. Шара барысында «Құрылтай феномені» зерттеу еңбегінің түрік тіліне аударылған нұсқасы көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
«Түркі әлеміндегі құрылтай дәстүрі: тарихи жады және мемлекеттілік» тақырыбындағы іс-шараны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қатысуымен ұйымдастырды. Кітапты университет жанындағы «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген.
Халықаралық кездесуге Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты әрі Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу және түрік университеттерінің ғалымдары қатысты.
Жиында құрылтай дәстүрінің қалыптасу тарихы, оның түркі халықтарының саяси өміріндегі рөлі мен мемлекеттілік жүйесіндегі маңызы талқыланды.
Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессоры Фырат Пурташ, Хажеттепе университетінің профессоры Сейфи Йылдырым және Нийде Өмер Халисдемир университетінің профессоры Мехмет Екиз ғылыми баяндамалар жасады. Зерттеушілер түркі халықтарына ортақ тарихи мұраны тереңірек зерделеу және осы бағыттағы халықаралық ғылыми байланысты кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Жобаның жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев кітаптың мазмұны мен зерттеу нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, еңбектің түрік тілінде жарық көруі қазақ халқының тарихы мен мәдениетін шетелдік ғылыми ортаға кеңінен таныстыруға жол ашады. Сонымен қатар бұл бастама түркі мемлекеттері арасындағы рухани және академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Құрылтай феномені» кітабы Омархан Өксікбаев пен шығыстанушы, түрколог-лингвист Зәріпбай Оразбайдың бірлескен зерттеуі негізінде жазылған.
Еңбекте құрылтай институтының тарихи негіздері мен оның түркі халықтарының қоғамдық-саяси өміріндегі орны қарастырылады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, кітаптың түрік тілінде таныстырылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени байланысты дамытуға, сондай-ақ түркі дүниесінің ортақ тарихи құндылықтарын халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді.