Астанада 188 оқушы Президенттік олимпиадада бақ сынап жатыр
Астанада жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Білім сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 188 оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Зияткерлік жарыс 9 қарашада елордадағы №33 жайлы мектепте басталды. Олимпиада 13 қарашаға дейін жалғасады.
Республикалық кезеңде 11 және 12-сынып оқушылары математика, физика, химия және биология пәндерінен білімдерін сынайды. Байқаудың басты мақсаты – қабілетті жастарды анықтап, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру және дарынды оқушыларға қолдау көрсету.
Биыл Президенттік олимпиадаға қатысуға ниет білдірген оқушылардың саны көп болды. Алғашқы өңірлік кезеңде 3 690 оқушы өзара сынға түсті. Олардың арасынан 406 үміткер екінші кезеңге жолдама алды. Іріктеу нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген 188 оқушы республикалық кезеңге өтті. Енді олар еліміздің үздік оқушылары қатарында білімдерін дәлелдеуге мүмкіндік алды.
Қатысушылардың жұмыстарын арнайы құрылған қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттерінде білім алып жүрген студенттер, магистранттар және PhD докторлары енген.
Олимпиада барысында әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта жарыс барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Трансляцияға арналған сілтемелер daryn.kz ресми сайтында жарияланады.
Білім додасының қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.
Айта кетейік, Президенттік олимпиада елімізде 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл білім бәсекесі оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырып, болашақ ғалымдар мен дарынды жастарды анықтауға бағытталған.