Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде робототехникаға арналған жаңа зертхана жұмысын бастады. Мұнда студенттер 2027 жылы АҚШ-та өтетін FIRST Championship халықаралық чемпионатына дайындалады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жаңа зертхана FIRST Robotics Competition халықаралық бағдарламасы аясында «Скиф Сауда» ЖШС қолдауымен ашылды. Компания зертхананы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және университет командасын әлемдік додаға дайындауға 50 миллион теңге бөлген. Ашылу салтанатына ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов, «Скиф Сауда» ЖШС құрылтайшысы Динара Зиманова, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиында сөз алған Марғұлан Ибраимов елімізде технологияны дамыту, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және білікті инженерлер даярлау мәселесіне басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа зертхана студенттердің алған білімін тәжірибеде сынап, тың идеяларын нақты жобаларға айналдыруына мүмкіндік береді. Ал Динара Зиманова жастардың ғылым мен техникаға қызығушылығын қолдау елдің болашағына салынған инвестиция екенін жеткізді. Ол инженерлік білім беруді дамыту мен қабілетті жастарға жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Зертханада студенттер роботтарды жобалап, құрастырып, бағдарламалап, олардың жұмысын сынай алады. Заманауи жабдықтармен қамтылған орталықта механика, электроника, бағдарламалау және инженерлік дизайн бағыттары бойынша жобалар жүзеге асырылады. Мұнда негізінен механика-математика факультетінің, соның ішінде «Электроника» бағыты бойынша білім алатын студенттер тәжірибе жинайды. Сонымен қатар мектеп оқушыларына арналған робототехника үйірмелері ашылып, түрлі жарыстар ұйымдастырылмақ.
Салтанатты шарада университет командасының капитаны Биназир Зиманова 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық жоспарымен таныстырды. Студенттер өздері құрастырған роботтың мүмкіндіктерін көрсетіп, инженерлік жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстан жастары халықаралық робототехника жарыстарында бұған дейін де жоғары нәтижелерге қол жеткізген. 2025 жылы еліміздің құрамасы FIRST Global Challenge чемпионатында төртінші мәрте әлем чемпионы атанды.
FIRST Robotics Competition дегеніміз не?
FIRST Robotics Competition – жастардың инженерлік қабілетін шыңдауға арналған халықаралық робототехника жарысы. Оған қатысатын командалар белгіленген уақыт ішінде робот жасап, оны бағдарламалап, түрлі тапсырманы орындауға бейімдейді.
Жарыс барысында қатысушылар тек техникалық білімін ғана емес, топпен жұмыс істеу, жылдам шешім қабылдау және күрделі инженерлік мәселелерді шешу қабілетін де көрсетеді.
ҚазҰУ командасы қатысуды жоспарлап отырған FIRST Championship 2027 чемпионаты АҚШ-тың Хьюстон қаласында сәуір айында өтеді.