Қытайдың Гуанчжоу қаласында Назарбаев университеті мен Гонконг ғылым және технология университеті (HKUST(GZ)) ғылыми ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімге қол қойды. Екі оқу орны таза энергетика, жасанды интеллект және тұрақты даму бағытында бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Келісімге қол қою рәсімі аясында энергетика мен тұрақты даму мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Гонконг ғылым және технология университетінің президенті Лайонел Ни, Назарбаев университетінің президенті Вакар Ахмад, Қазақстанның Гуанчжоудағы Бас консулы Валихан Сәрсембеков және екі университеттің ғалымдары қатысты.
Кездесуде тараптар ғылыми әріптестікті нақты жобалар арқылы дамытуға уағдаласты. Алғашқы зерттеулер энергияны сақтау технологияларына, жасанды интеллект көмегімен энергетикалық жүйелерді басқаруға, жасыл сутегі өндірісіне және жаңа материалдар әзірлеуге бағытталмақ. Гонконг ғылым және технология университетінің президенті Лайонел Ни келісімнің маңыздылығына тоқталып, ендігі міндет ғылыми бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру екенін айтты. Оның сөзінше, зерттеу топтарына дербес жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, алғашқы жобаларды қаржыландыру қажет.
Ал Назарбаев университетінің президенті Вакар Ахмад халықаралық ғылыми байланыстың энергетика мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін шешудегі рөлін атап өтті. Ол ғылымға ғана емес, білікті мамандар даярлауға да қаржы бөлудің маңыздылығын жеткізді.
Қазақстанның Гуанчжоудағы Бас консулы Валихан Сәрсембеков бұл келісім екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы байланысты нығайта түсетінін айтты.
Бас консул Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ғылым, білім және инновацияны дамытуға ерекше мән берілгенін еске салды. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасын өркендету үшін заманауи технологияларды игеру, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу және инженерлік білімнің сапасын арттыру маңызды.
Екі университеттің жаңа әріптестігі Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға, энергетика саласын жаңғыртуға және жоғары білікті мамандар даярлауға тың мүмкіндік ашпақ.