Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің басшылары бас қосады
2026 жылғы қарашада Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) жоғары деңгейдегі кездесулері өтеді. Елордада ұйымның Атқарушы комитеті мен Құрылтайшылар кеңесінің отырыстары ұйымдастырылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Халықаралық жиындарға мемлекеттік органдардың, спорт ұйымдарының, ұлттық допингке қарсы құрылымдардың басшылары және осы саладағы халықаралық сарапшылар қатысады. Олар спорттағы әділ бәсекені қамтамасыз ету, допингке қарсы күресті күшейту және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды.
Кездесулерде Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің орындалуы, қолданыстағы ережелерді жетілдіру, ғылыми зерттеулерді қолдау және спортшыларға арналған білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Соңғы жылдары Қазақстан мен WADA арасындағы байланыс нығая түсті. 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Банька елімізге ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сол сапар барысында ол Қазақстанда спортты дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Ал 2026 жылғы 22 наурызда Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім допингтің алдын алу, спортшылардың білімін арттыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық тәжірибе алмасу бағытындағы бірлескен жұмыстарды қамтиды.
Астанада өтетін кездесулер Қазақстанның халықаралық спорт ұйымдарымен байланысын кеңейтіп, ұлттық допингке қарсы жүйені жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жиындар Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және таза спорт қағидаттарын кеңінен насихаттауға ықпал етпек.
Айта кетейік, WADA-ның Құрылтайшылар кеңесі – ұйымның жоғары басқару органы. Ол агенттіктің стратегиялық даму бағытын айқындап, допингке қарсы халықаралық саясатқа қатысты негізгі шешімдерді қабылдайды. Ал Атқарушы комитет ұйымның күнделікті басқару қызметіне жетекшілік етіп, өз құзыреті шегінде шешімдер шығарады.