Астанада күн жылынады, Алматыны жаңбыр мен тұман басады
Алдағы күндері Астана мен Алматыда ауа райы құбылмалы болады. Елордада күн жылып, ауа температурасы +11 градусқа дейін көтерілсе, Алматыда жаңбыр жауып, кейін тұман түседі. Бұл туралы Қазгидромет синоптиктері мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада күн 11 градусқа дейін жылынады
Синоптиктердің болжамынша, 4 және 5 қарашада елордада жауын-шашын болмайды. Аспан ала бұлтты болады.
4 қарашада түнде ауа температурасы −2…−4 градусқа дейін төмендеп, күндіз +5…+7 градусқа дейін жылынады.
5 қарашада түнгі температура −3…−5 градус шамасында болса, күндіз +7…+9 градусқа дейін көтеріледі.
Ал 6 қарашада күннің екінші жартысында аздаған жаңбыр жаууы мүмкін. Түнде ауа температурасы 0…+2 градус, күндіз +9…+11 градус болады. Желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге жетеді.
Алматыда жаңбыр жауып, тұман түседі
Алматыда 4 қарашада жауын-шашын күтілмейді. Аспан ала бұлтты болып, күндіз ауа температурасы +16…+18 градусқа дейін көтеріледі. Түнде +4…+6 градус болады.
5 қарашада қалада ауа райы өзгереді. Күндіз мезгіл-мезгіл жаңбыр жауып, температура +12…+14 градусқа дейін төмендейді. Түнде +3…+5 градус жылы болады. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін күшеюі мүмкін.
6 қарашада жауын-шашын тоқтайды. Алайда түнде кей уақытта тұман түседі. Ауа температурасы түнде +1…+3 градус, күндіз +14…+16 градус шамасында болады.
Еліміздің өзге өңірлерінде ауа райы қандай болады?
Қазгидромет мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның әр өңірінде ауа райы әртүрлі болады. Ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз күн райы сақталғанымен, батыс өңірлерде жаңбыр жауады. Кей жерлерде жауын-шашын күшейеді.
Ал шығыс аймақтарда қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындар мен жүргізушілерге ауа райының өзгерісін ескеріп, сақтық шараларын ұстанған жөн.