Астанада Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасына арналған кездесу өтті
Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына арналған ашық диалог ұйымдастырылды. Жиында жазушының әдеби мұрасы, әлемдік әдебиеттегі орны және жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
«Мұхтар Әуезовтің мұрасы және әлемдік контекст» тақырыбындағы кездесу Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында өтті.
Іс-шараға әдебиеттанушы ғалымдар, студенттер мен кітап оқуға қызығушылық танытқан жастар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – ұлы жазушының шығармаларын кеңінен таныстырып, оның қазақ және әлем әдебиетіне қосқан үлесін насихаттау.
Ашық диалогта филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Сағымбай Жұмағұл мен «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев баяндама жасады.
Жақсыбай Боранбаев елордада кітап оқуға қызығушылық танытушылар қатары көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, Астанада ұйымдастырылған кітап оқу марафонына қатысушылар саны 124 751 адамға жеткен. Ол жобаның басты мақсаты қатысушыларға белгілі бір мөлшерде кітап оқытумен шектелмейтінін жеткізді. Ең маңыздысы – кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру.
– Марафонның басты мақсаты – 15 кітап оқумен шектелу емес, әр қатысушының келесі кітабын өз бетінше таңдап, кітап оқуды күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына ықпал ету, – деді Жақсыбай Боранбаев.
Оның айтуынша, көркем әдебиет адамның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, өзгенің өмірі мен сезімін түсінуге, оқиғаларға сыни көзқараспен қарауға үйретеді.
Әсіресе Мұхтар Әуезовтің шығармаларын оқу арқылы қазақ халқының тарихын, ұлттық болмысын және рухани құндылықтарын тереңірек тануға болады. Жоба жетекшісі ұлттық әдебиетті әлемдік мәдениетпен байланыстыра зерделеудің маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, өз халқының тарихы мен мәдениетін жетік білетін жас ұрпақ қана әлемдік өркениетпен терезесі тең деңгейде пікір алмаса алады.
Кездесу барысында қатысушылар Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Жазушының Алаш қайраткерлерімен рухани байланысы, «Абай жолы» роман-эпопеясының көркемдік ерекшелігі және оның әлем әдебиетіндегі орны сөз болды.
Сонымен қатар қаламгер шығармаларының бүгінгі қоғам үшін маңызы, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі талқыланды. Ашық диалогқа қатысқан студенттер ғалымдарға сұрақ қойып, жазушы мұрасына қатысты өз ойларын ортаға салды.
Ұйымдастырушылар мұндай әдеби кездесулер жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетті тереңірек тануына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы іс-шаралар алдағы уақытта да оқу мәдениетін дамытуға, әдеби мұраны дәріптеуге және жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталмақ.