Астанада Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аталып өтті
Елордада қазақтың әйгілі ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай концерт өтті. Өнер кешінде ақынның белгілі шығармалары орындалып, көпшілікке жаңа музыкалық туынды таныстырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мерекелік шара Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында ұйымдастырылды. Кешке белгілі әншілер мен дәстүрлі өнер өкілдері қатысып, Жамбыл мұрасын жұртшылыққа кеңінен таныстырды. Сахнада Ерболат Шалдыбеков, Гүлниза Жұмажанова, Перизат Тұрарова, Күнсұлу Түрікпен, Аяулым Қамажан, Перизат Омарбекова, Біржан Айтахмет, Мақпал Тоқтағанова және «Gulder» ансамблі өнер көрсетті.
Концерттің ерекше сәттерінің бірі – композитор Ермұрат Үсеновтің «Жамбылға арнау» атты жаңа шығармасының тұсаукесері болды. Туындыны «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі алғаш рет көпшілік алдында орындады. Кеш барысында Жамбыл Жабаевтың «Жиырма бес», «Сарыбайға», «Қайта келген жастық», «Жаз», «Алғадай», «Ақындарға арнау», «Үгәй-үгәй» секілді шығармалары шырқалды.
Сонымен қатар көрермендер ақынның орындау дәстүрімен жеткен «Қыз Жібек» пен «Көроғлы» жырларынан үзінділер тыңдады. Жамбыл мен Айкүмістің айтысынан ұсынылған үзінді де концерт бағдарламасынан орын алды.
Мерейтойлық кеш тек Жамбыл шығармашылығымен шектелген жоқ. Сүйінбай Аронұлы, Қабан жырау, Кенен Әзірбаев, Төлеген Момбеков, Латиф Хамиди, Шашубай Қошқарбаев, Нартай Бекежанов, Майасар Жапақов және Қалқа Жапсарбаевтың туындылары да орындалды.
Осылайша, елордада өткен өнер кеші Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын дәріптеп, қазақтың жыршылық, айтыскерлік және дәстүрлі музыка өнерінің сабақтастығын танытты.