Қазақстанда оқушыларды ауыл шаруашылығы мамандықтарына мектеп қабырғасынан бастап баулу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі білім беру ұйымдары және аграрлық кәсіпорындармен бірлесіп, агросыныптар желісін кеңейтуде, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жобаның мақсаты – оқушыларды ауыл шаруашылығының қазіргі мүмкіндіктерімен таныстырып, осы салаға қызығушылығын ояту. Балалар мектепте алған білімін іс жүзінде қолданып, болашақта қандай мамандықты таңдайтынын ертерек анықтай алады. Осы мақсатта оқушыларға ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен ғылыми мекемелерде тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Олар егін және мал шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, заманауи техника мен жаңа технологиялардың қалай жұмыс істейтінін де көре алады.
Аталған бастама Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр. Құжатта ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау, жастарды осы салаға тарту және аграрлық білім беруді дамыту шаралары қарастырылған.
Қазір жоба Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында сынақ ретінде қолға алынған. Атап айтқанда, Ақмола облысындағы үш мектепте жеті агросынып ашылған. Ал Қостанай облысының алты мектебінде агросыныптар мен агростудиялар жұмыс істеп тұр.
Солтүстік Қазақстан облысында бұл бастама жеті ауданды қамтыған. Бүгінде арнайы сыныптарда 120 оқушы білім алып жатыр. Олар өсімдік өсіру мен мал бағудың негізгі тәсілдерін меңгеріп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысуда.
Оқу үдерісіне М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары да атсалысып келеді. Мамандар оқушыларға дәріс оқып, алған білімін тәжірибеде қолдануға көмектеседі.
Сонымен қатар балалар Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына барып, ғалымдардың жұмысымен жақынырақ танысады. Мұндай экскурсиялар барысында оларға ғылыми жаңалықтар, зерттеу нәтижелері және егін мен мал шаруашылығында қолданылатын озық технологиялар көрсетіледі.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану және механикаландыру бағытында да жаңа агросыныптар ашу жоспарланып отыр.
Жобаның басты ерекшелігі – оқушылардың тек оқулықпен шектелмей, ауыл шаруашылығы өндірісін өз көзімен көруі. Олар заманауи тракторлар мен басқа да техникалардың жұмыс істеу тәртібін үйреніп, кәсіпорындардағы күнделікті еңбекпен таныса алады.
Министрліктің мәліметінше, мұндай сабақтар балалардың мамандық таңдауына көмектесіп, ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бастама аграрлық кәсіпорындар үшін де тиімді болмақ. Өйткені олар болашақ мамандармен мектеп кезінен байланыс орнатып, кейін өз саласына қажетті кадрларды даярлауға атсалыса алады.