BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Бәйдібек ауданында экономика өсіп, жаңа жобалар қолға алынды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Шаян ауылында өткен жиында аудан экономикасын дамыту, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде өңір басшысы ауданның ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өндіріс орындарын көбейту қажеттігін айтты.

"Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығында әлеуеті жоғары. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өндірісті дамыту, өнімді өңдеу көлемін арттыру және инвестициялық жобаларды көбейту. Әрбір бастама халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, аудан экономикасының өсуіне нақты үлес қосуы керек", – деді Нұралхан Көшеров.

Биылғы тоғыз айда ауданның жалпы өңірлік өнімі 65,5 млрд теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,9 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығында 36,4 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 17,4 млрд теңгені құрады. Ал ауданға тартылған инвестиция 31,7 млрд теңгеге жеткен. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы Шаян ауылында 300 орындық жаңа мектеп ашылып, үш мектеп жаңғыртылған. Бұған қоса екі білім беру мекемесі күрделі, сегіз мектеп ағымдағы жөндеуден өткен.

Қазір аудандағы 50 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Табиғи газ 43 елді мекенге жеткізіліп, газдандыру деңгейі 94,5 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 97,6 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бірнеше ауылда су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қошқарата мен Кеңсай елді мекендерін қараша айының соңына дейін табиғи газға қосу көзделген. Жиында бұған дейін тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы да қаралды. Өткен жылғы кездесуде айтылған төрт мәселенің үшеуі шешілген, біреуі әлі орындалу үстінде. Атап айтқанда, Жаңаталап ауылы ауыз сумен қамтылып, Шаяндағы бірқатар көшелер жөнделген.

Кездесу соңында тұрғындар өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Нұралхан Көшеров жауапты мекеме басшыларына көтерілген мәселелерді шешуді тапсырып, олардың орындалуы бақылауда болатынын айтты.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары