BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Балқаш-2 теміржол вокзалы толық жаңартылды

Дана Зарылханқызы
https://t.me/kolikpress
Бөлісу Telegram

Қарағанды облысындағы Балқаш-2 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. 1976 жылы пайдалануға берілген ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңғырту барысында жалпы аумағы 2 мың шаршы метрге жуық екі қабатты вокзал ғимараты толық жөнделді. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, су, жылу, электрмен жабдықтау және кәріз жүйелері жаңасына ауыстырылды.

Сонымен қатар жолаушыларға арналған инфрақұрылым да жаңартылды. Атап айтқанда, перронның темірбетон құрылымдары ауыстырылып, жаңа төсем төселді. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында қосымша эвакуациялық шығу жолдары қарастырылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай есіктер орнатылды.

Балқаш-2 вокзалы II санаттағы теміржол нысандарына жатады. Мұнда тәулігіне орта есеппен 800-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетіледі. Станция арқылы Балқаш қаласын Астана, Қарағанды, Семей және Аягөзбен байланыстыратын 18 жолаушылар пойызы қатынайды.

Жүргізілген жөндеу жұмыстары вокзалдағы қызмет сапасын жақсартып, жолаушылардың сапар алдындағы уақытын жайлы өткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңартылған инфрақұрылым өңірдегі теміржол қатынасының дамуына ықпал етпек.

Айта кетейік, Балқаш-2 вокзалын жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді. Аталған жоба бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту көзделген. Оның ішінде Қарағанды облысында 14 вокзал жөндеуден өтеді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары