Түркістанда Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығы аталып өтті

Түркістанда Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығы аталып өтті
https://t.me/madenietaqparat

Түркістандағы "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтіп, кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткен жиынға мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар, музей және кітапхана қызметкерлері қатысты.

Басқосуда тарихшының ғылыми мұрасы, Қазақстан тарихын зерттеудегі еңбегі мен отандық тарих ғылымының дамуына қосқан үлесі талқыланды. Қатысушылар академиктің ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ "Кітап оқитын ұлт" республикалық жобасы аясында "Ұлт тарихын ұлықтаған ғалым" атты кітап көрмесі ашылды. Онда Манаш Қозыбаевтың "Ақтаңдақтар ақиқаты", "Тұлғалар тұғыры", "Киелі тәуелсіздік", "Өркениет және ұлт" кітаптары, көптомдық шығармалар жинағы мен энциклопедиялық басылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Жиынға қатысушылар ғалымның еңбектері қазіргі тарихи зерттеулер үшін құнды дереккөз екенін және жас ұрпақтың ел тарихын терең танып-білуінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.