Үкімет Жетісу облысының алты ауданында газ құбырлары мен газ тарату желілерін салуға 37,4 млрд теңге бөлді. Қаражат Президенттің "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында Инфрақұрылымды дамыту қорынан қарастырылған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жоба Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарындағы 100-ге жуық елді мекенді қамтиды. Жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымға жуық газ желісін тарту нәтижесінде 183 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді.
84 ауылға газ жеткізіледі
Жетісу облысындағы 84 ауылды "Талдықорған – Үшарал" магистральдық газ құбырына қосуға 27 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған магистральдың құрылысы 2025 жылы аяқталған.
Қазір үш ауданда газ тарату желілерін салу бойынша келісімшарттар жасалып жатыр:
Алакөл ауданы – 1 115 шақырым газ желісі тартылып, 28 ауылдағы 61,2 мың тұрғын газбен қамтылады;
Сарқан ауданы – 893 шақырым газ құбыры салынып, 19 елді мекендегі 35,7 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді;
Ақсу ауданы – 767 шақырым газ желісі тартылып, 37 ауылдағы 36,9 мың тұрғын қамтылады.
Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңында бастап, 2028 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін 16 нысан пайдалануға беріледі
Бұған дейін басталған 16 нысанның құрылысын аяқтауға қосымша 10,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы ұзындығы 576 шақырымға жуық газ желісі 49,4 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Панфилов ауданында 12 ауылға 503,6 шақырым газ құбыры тартылып жатыр. Нәтижесінде 45,3 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Қаратал ауданындағы үш ауылда 37,5 шақырым, ал Ескелді ауданының Жалғызағаш ауылында 34,5 шақырым газ желісі салынып жатыр.
Аталған нысандарды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Жетісу облысының газбен қамтылу деңгейі 74 пайызға жетеді
Өңірдің 2030 жылға дейінгі газдандыру жоспарына сәйкес, облыстағы 356 елді мекеннің 210-ына табиғи газ жеткізу көзделген. Жетісу облысы құрылғанға дейін Талдықорған қаласын қоса алғанда, небәрі бес елді мекен газбен қамтылған еді. Бүгінде олардың саны 115-ке жеткен. Қазір өңірдегі 468,5 мың тұрғын немесе облыс халқының 67,4 пайызы табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие.
Жыл соңына дейін газбен қамтылған елді мекендер саны 126-ға, ал тұрғындар саны 518 мыңнан асады деп жоспарланып отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстан халқының 64,2 пайызы немесе 13,1 миллион адам табиғи газға қол жеткізген. Биыл бұл көрсеткішті 64,5 пайызға, ал 2035 жылға қарай 80 пайызға жеткізу көзделген.
Газдандыру жобалары көмір тұтынуды азайтып, қоршаған ортаға келетін зиянды төмендетуге және ауылдық жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.