Балқаш мыс зауытында 21 мың шаршы метр шатыр жаңартылды
Балқаш мыс балқыту зауытында өндірістік ғимараттардың шатырын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 21 633 шаршы метр шатыр жаңартылды. Бұл биылғы жоспардың 79,2 пайызын құрайды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС мәліметінше, биыл кәсіпорында жалпы аумағы 27 310 шаршы метр шатырды жөндеу көзделген. Жұмыс өндірістік нысандардың тозуын азайтып, ғимараттардың қызмет ету мерзімін ұзартуға және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жөндеудің басым бөлігі мыс электролизі цехында жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға 1,14 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бүгінге дейін жоспарланған 12 103,4 шаршы метрдің 9 551,4 шаршы метрі жаңартылды. Атап айтқанда, цехтың негізгі корпусындағы алтыншы аралықтың 2 421 шаршы метр шатыры жөнделген. Сонымен қатар металл құрылымдар сырланып, 752 шаршы метр аумақтағы жарық өткізетін құрылымның әйнектері ауыстырылды.
Бұдан бөлек, бак аралығында 3 624,4 шаршы метр шатыр қалпына келтіріліп, жаңа терезелер орнатылды.
Зауытта негізгі корпустың шатырын күрделі жөндеу және жаңбыр суын ағызатын жүйені ауыстыру жұмыстары да жүріп жатыр. Ескі темірбетон плиталардың орнына заманауи сэндвич-панельдер орнатылуда. Бұл ғимараттың негізгі тірек құрылымдарына түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Осы бағытта 2026 жылға жоспарланған 3 018 шаршы метр шатырдың 2 754 шаршы метрі орнатылды. Ал 2027 жылы тағы 3 040 шаршы метр шатырды жаңарту көзделген.
Қазір жөндеу жұмыстарына күн сайын 50–60 маман қатысады.
Кәсіпорынның мәліметінше, шатырларды жаңарту «Қазақмыстың» өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – өндіріс ғимараттарының сенімділігін арттырып, зауыттың қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау.