Берік Уәли тұрғындардың шағымдарын уақытылы шешуді тапсырды
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында азаматтардың өтініштерін қарау, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кеңеске облыстық басқармалар мен өңірлік департаменттердің басшылары қатысты. Қала және аудан әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қосылды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өңірлік департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, тұрғындар көбіне жер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, көлік, білім және денсаулық сақтау мәселелері бойынша шағымданады. Өтініштердің басым бөлігі Семей қаласынан түседі.
Берік Уәли мемлекеттік органдар азаматтарға жай ғана жауап берумен шектелмей, көтерілген мәселелердің нақты шешімін табуға күш салуы керектігін айтты.
«Егер азамат бір мәселе бойынша бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болса, онда бұл жағдайдың себептерін анықтап, тиісті қорытынды жасауымыз керек», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жауапты мекемелерге қайталанатын шағымдардың себептерін анықтап, кемшіліктерді жоюды тапсырды. Әсіресе Семейдегі жолдардың жағдайы, су және жылумен қамту, көшелерді жарықтандыру мен медициналық қызмет сапасына назар аударуды міндеттеді.
Жиында ішкі саясат саласындағы жұмыстар да қаралды. Қазір облыста 632 азаматтық қоғам институты тіркелген, ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 8 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Отбасылық саясат аясында «TOMIRIS» бағдарламасы бойынша 50 әйел білім алған. «Мерейлі отбасы» байқауына 129 өтінім түссе, биылғы сегіз айда өңірде 2261 неке тіркелген. Ажырасудың алдын алу үшін бірқатар қала мен ауданда некеге дейінгі даярлық курстары ұйымдастырылған. Сондай-ақ өңірдегі этносаралық келісімді нығайту мәселесі қозғалды. Облыста 50-ден астам этнос өкілі тұрады. Келесі жылы қоғамдық келісімді қолдауға бағытталған 10 жобаны іске асыру көзделген.
Кеңес қорытындысында Берік Уәли жауапты басшыларға тұрғындармен байланысты күшейтуді, еңбек дауларының алдын алуды, отбасыларды қолдау шараларын жетілдіруді және қоғамдық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.