BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Екібастұзда 5 млрд долларлық технологиялық орталық салынып жатыр

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Екібастұзда жасанды интеллект пен деректерді өңдеуге арналған Data Center Valley ірі технологиялық кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 5 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен “Қазақтелеком” АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Екібастұзға барып, Data Center Valley жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді.

Сапар барысында олар құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысып, инженерлік инфрақұрылымның дайындығын, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін және жобаның алдағы кезеңдерін талқылады.

Алғашқы орталық 2027 жылы іске қосылады

Data Center Valley Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуға және халықаралық IT компанияларын тартуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналады. Жоспар бойынша кешеннің жалпы есептеу инфрақұрылымына арналған қуаты кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін жеткізіледі. Қазірдің өзінде алғашқы кезеңге қарастырылған 215 МВт қуат толықтай алдын ала бөлінген.

Ал қуаты 50 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Жасанды интеллект саласына жаңа мүмкіндік

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай ауқымды инфрақұрылым Қазақстанның халықаралық технологиялық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Министр жасанды интеллектіні дамыту үшін қуатты есептеу жүйелері, тұрақты электрмен жабдықтау және заманауи деректерді өңдеу орталықтары қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, басты мақсат – шетелдік технологиялық компаниялардың Қазақстан инфрақұрылымын пайдалануымен шектелмей, ел аумағында өз жобаларын жүзеге асырып, инвестиция құюына жағдай жасау.

Жоба NVIDIA және Firebird AI секілді халықаралық технологиялық серіктестердің қатысуымен іске асырылып жатыр. Мұнда жасанды интеллект модельдерін оқытуға және пайдалануға мүмкіндік беретін жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыру жоспарланған.

Қазақстан есептеу қуаттарын экспорттай алады

“Қазақтелеком” басшысы Бағдат Мусин бұл бастама ел экономикасы үшін жаңа бағыт қалыптастыруы мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан бұрын негізінен табиғи ресурстарымен танылса, енді қолжетімді электр энергиясын пайдаланып, халықаралық нарыққа есептеу қуаттарын ұсынуға мүмкіндік алады.

Бағдат Мусин жобаның алғашқы кезеңіндегі қуаттарға сұраныс қалыптасқанын және халықаралық серіктестермен нақты инвестициялық міндеттемелер қабылданғанын атап өтті.

Жобаның басты артықшылығы – арзан электр энергиясы

Data Center Valley кешенінің ерекшеліктерінің бірі – электр энергиясының салыстырмалы түрде төмен құны. Жоба бойынша тариф 1 кВт·сағ үшін 2,5 АҚШ центінен басталады. Бұл энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру үшін тиімді жағдай қалыптастырады. Сондай-ақ кешенде заманауи салқындату жүйелерін пайдалану, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық талаптарды сақтау қарастырылған.

Жобаны толық іске асыруға шамамен 5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту күтіліп отыр.

Data Center Valley пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстанда халықаралық жасанды интеллект компанияларына қажетті есептеу инфрақұрылымы қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар жоба отандық IT саласының дамуына және Қазақстанның әлемдік цифрлық қызметтер нарығындағы үлесінің артуына ықпал етуі мүмкін.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары