Ақтауда азаматтық қоғамды дамыту мәселелері талқыланды

Ақтауда азаматтық қоғамды дамыту мәселелері талқыланды
https://t.me/madenietaqparat

29-30 қазанда Ақтауда "Болашақты бірге қалыптастырамыз" атты Қазақстанның Азаматтық қоғам форумы өтті. Жиында Президент Жолдауындағы міндеттер мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын жетілдіру жолдары қарастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Форумға үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар және сарапшылар қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич пен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің адам құқықтары жөніндегі аға кеңесшісі Элизабет да Коста болды.

Кездесуде цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударылды. Қатысушылар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Әсіресе гранттық қаржыландыру аяқталғаннан кейін қоғамдық ұйымдардың жұмысын жалғастыруы, қосымша қаржы көздерін тарту және өңірлік бастамаларды қолдау мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және оларды қоғамдық ұйымдардың жұмысына тарту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Форум барысында "Үкіметтік емес ұйымдар туралы" заң жобасы да талқыланып, азаматтық қоғам институттарын дамытуға қатысты пікірлер ортаға салынды.

Іс-шараны "Эко Маңғыстау" қоғамдық ұйымы Батыс Қазақстандағы адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғауға бағытталған жоба аясында ұйымдастырды.