BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауыты салынады

Дана Зарылханқызы
https://t.me/Minenergokz
Бөлісу Telegram

Батыс Қазақстан облысында жылына 5 миллиард текше метрге дейін газ өңдеуге қауқарлы Қарашығанақ зауытын салу жұмыстары талқыланды. Энергетика министрлігі жобаның жүзеге асырылуын бақылауға алып, оған қатысушы тараптардың жұмысын үйлестіруде, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте болашақ зауыттың құрылысына қатысты негізгі мәселелер қаралды.

Жиынға "QazaqGaz" ұлттық компаниясының, Қарашығанақ жобасына қатысушы акционерлердің, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің және Өкілетті органның (PSA) өкілдері қатысты. Кездесу барысында мамандар жобалаудың алғашқы кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Әсіресе газ құбырын тарту, оны қажетті желіге қосатын орынды белгілеу және өндірілетін шикі газдың көлемін есепке алу мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар жобаны жүзеге асыруға қажетті коммерциялық келісімдер талқыланды. Атап айтқанда, шикі газды тасымалдау қызметін көрсету туралы келісімнің (Evacuation Service Agreement) талаптары, осы қызмет үшін төленетін ақы (Evacuation Service Fee) және зауытқа шикі газ жеткізу шарттары қарастырылды.

Бұл мәселелерді келісу зауыт құрылысының келесі кезеңіне өту үшін маңызды. Сондықтан жауапты мекемелер техникалық және қаржылық міндеттерді өзара үйлестіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Энергетика министрлігі Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты жұмыстарды тұрақты қадағалайтынын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, жобаға қатысушы тараптардың өзара келісіп жұмыс істеуіне, туындаған техникалық және коммерциялық мәселелердің уақытылы шешілуіне ерекше көңіл бөлінеді.

Жоспар бойынша, жаңа кәсіпорын жылына 5 миллиард текше метрге дейін газ өңдей алады. Қазіргі уақытта жобалау және құрылысқа дайындық мәселелері пысықталып жатыр.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары