BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

«Қазақмыс» кен орындарын зерттеуге дрондар мен 3D технологиясын енгізді

Дана Зарылханқызы
https://t.me/kazakhmys_news
Бөлісу Telegram

«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау, Қарағанды және Абай облыстарындағы кен орындарында заманауи технологиялардың көмегімен геологиялық зерттеу жүргізіп жатыр. Жұмыс барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары, лазерлік 3D-сканерлеу, электрлік және магниттік барлау әдістері қолданылуда, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа технологиялар жер қойнауының құрылымын жан-жақты зерттеуге, пайдалы қазбалар болуы мүмкін аумақтарды анықтауға және кен өндіру жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында 500 метр тереңдікке дейін зерттеу жүргізіледі

Ұлытау облысындағы Тасқұра кен алаңында ауқымды электрлік барлау жұмыстары басталды. Зерттеуді «Қазақмыс» тобына қарасты Qazaq Geophysics компаниясы жүргізіп жатыр. Мамандар жалпы аумағы 7,1 шаршы шақырым болатын екі учаскені зерттемек. Негізгі мақсат – жер қойнауының 500 метрге дейінгі тереңдіктегі құрылымын анықтап, мыс-сульфидті минералдар кездесуі ықтимал аймақтарды белгілеу.

Бұл аумақтағы электрлік барлау жұмыстарының жалпы көлемі 156 қума шақырымды құрайды. Оның 15 шақырымын 2026 жылдың соңына дейін, қалған 141 шақырымын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Қарағанды мен Абай облыстарында геологиялық барлау жалғасуда

Абай облысындағы Құсмұрын-Ақбастау кен алаңында 52,4 шақырымдық электрлік барлау жұмысы аяқталды. Енді мамандар жалпы ұзындығы 1 500 метр болатын ұңғымаларда қосымша зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Қарағанды облысындағы Бұрнақ кен алаңында да бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 702 шақырым жер үсті магниттік барлау және 10 шақырым электрлік барлау жүргізілген.

Ал Қызыладыр учаскесінде зерттеу жұмыстары 19,5 шаршы шақырым аумақты қамтыды. Жиналған мәліметтер негізінде геологиялық карталар жасалып, жер қойнауының үш өлшемді моделі әзірленеді. Саяқ кен алаңына қарасты Молдыбай учаскесінде зерттеудің алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл жерде 310 шақырым магниттік барлау жүргізілді. Алынған мәліметтер сараланғаннан кейін электрлік барлаудың келесі кезеңі басталмақ.

Кен орындары дрондардың көмегімен зерттелуде

Корпорация геологиялық зерттеулермен қатар, кеніштерді бақылау және тау-кен жұмысын жоспарлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын кеңінен пайдалана бастады. Мәселен, Қарағанды облысындағы Абыз кенішінде дрон арқылы 0,7 шаршы шақырым аумақты алып жатқан карьерге түсірілім жасалды. Жиналған мәліметтер негізінде мамандар карьердің үш өлшемді моделін, жоспарлары мен қималарын дайындайды. Бұл кеніштің қазіргі жағдайын бағалап, оның пайдалану мерзімін ұзарту жолдарын қарастыруға көмектеседі.

Ал Жыланды кенішінде ұшқышсыз ұшу аппараты жер астындағы қазбаларды зерттеуге пайдаланылды. Лазерлік 3D-сканерлеу арқылы шахтаның цифрлық моделі жасалады. Бұл жер астындағы жұмыстардың барысын талдауға және алдағы өндірістік міндеттерді нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Құсмұрын-Ақбастау және Нұрқазған учаскелерінде топографиялық түсірілім жүргізілді.

Заманауи технологиялар барлау жұмысының дәлдігін арттырады

«Қазақмыс» корпорациясы жаңа зерттеу әдістері арқылы жер қойнауы туралы барынша толық ақпарат жинауды көздеп отыр. Дрондар мен үш өлшемді модельдеу технологиялары мамандарға кен орындарының құрылымын егжей-тегжейлі зерделеуге, болашағы бар аумақтарды анықтауға және өндірістік шешімдерді нақты деректерге сүйеніп қабылдауға көмектеседі.

Ал зерттеу нәтижелері алдағы геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлауға, қолданыстағы кен орындарын дамытуға және корпорацияның минералдық-шикізат қорын ұлғайтуға пайдаланылады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары