Қазақстан Германиядан асыл тұқымды мал әкелмек
Қазақстан мен Германия сүтті мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды ірі қараның сапасын жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Германияның Ганновер қаласында өткен EuroTier 2026 халықаралық көрмесінде Қазақстанның Сүтті және аралас тұқымды мал шаруашылығы қауымдастығы мен германиялық Masterrind GmbH компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында елімізге сүт өнімділігі жоғары асыл тұқымды ірі қара жеткізу, жергілікті мал тұқымын жақсарту және отандық шаруашылықтардың өнімділігін арттыру көзделген.
Тараптар қазақстандық шаруаларға асыл тұқымды малды барынша тиімді бағамен жеткізу жолдарын да қарастырмақ. Атап айтқанда, мал сатып алуға кететін шығынды азайтып, сапалы асыл тұқымды ірі қараны шаруашылықтарға қолжетімді етуге басымдық беріледі.
Германияның асыл тұқымды мал өсіруге маманданған компаниясымен тікелей байланыс орнату қазақстандық фермерлерге мал тұқымын жақсартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл сауын сиырлардың өнімділігін арттыруға және асылдандыру жұмыстарының нәтижесін жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламада асыл тұқымды мал санын көбейту, малдың өнімділігін арттыру және ет пен сүт өндірісін ұлғайтуға бағытталған шаралар қарастырылған.
Әсіресе, сүтті мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бағытта мал тұқымын асылдандыру, төл өсірудің заманауи тәсілдерін енгізу және шаруашылықтардың жұмыс тиімділігін арттыру жоспарланған.
Мамандардың пайымдауынша, шетелдік тәжірибені пайдалану мен халықаралық әріптестікті кеңейту отандық мал шаруашылығының дамуына серпін бермек.
Қазақстан мен Германия арасындағы жаңа келісім осы міндеттерді жүзеге асыруға, сондай-ақ қазақстандық сүт өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.