Қазақстанда құбырлар маңындағы құрылысқа бақылау күшейді

Қазақстанда құбырлар маңындағы құрылысқа бақылау күшейді
Gov.kz

Қазақстанда магистральдық құбырлардың маңындағы жерлерді пайдалану мен құрылыс жүргізуге қойылатын талаптардың сақталуын қадағалайтын цифрлық жүйе іске қосылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа мүмкіндік "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесіне енгізілді. Жобаны Энергетика министрлігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобымен бірлесіп жүзеге асырды. Аталған жұмыстың нәтижелері Энергетика министрлігінде Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың төрағалығымен өткен жиында таныстырылды.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Енді мемлекеттік кадастрда магистральдық құбырлардың күзет аймақтары мен олардың маңындағы құрылысқа қатысты шектеулер көрсетіледі. Сондай-ақ құбырлар мен басқа да өндірістік нысандардан сақталуға тиіс ең аз арақашықтық туралы мәліметтер қолжетімді болады. Бұл өзгеріс жер телімдерін бөлу және құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде маңызды рөл атқарады. Мәселен, қандай да бір аумақтан жер сұраған азаматтың немесе кәсіпкердің өтініші қаралғанда, жүйе сол маңда магистральдық құбыр бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Егер жер учаскесі құбырдың күзет аймағына немесе құрылысқа шектеу қойылған аумаққа кірсе, тиісті талаптарды сақтау қажеттігі алдын ала ескертіледі.

Осылайша, құбырларға жақын жерлерде рұқсатсыз құрылыс жүргізудің алдын алуға мүмкіндік туады.

Қандай нысандар жүйеге енгізілді?

Ақпараттық базаға "ҚазТрансОйл", "Қазақстан-Қытай Құбыры", "МұнайТас" компанияларына қарасты магистральдық құбырлар мен өндірістік нысандар туралы мәліметтер енгізілген. Олардың қатарында бас мұнай айдау станциялары, мұнай айдау станциялары және басқа да өндірістік нысандар бар. Бұған қоса, "Магистральдық су құбыры" жүйесіне кіретін құбырлар, су айдау станциялары мен өзге де коммуникациялардың күзет аймақтары қамтылған.

Аталған нысандар бойынша құрылыс жүргізу кезінде сақталуға тиіс арақашықтықтар да жүйеде белгіленген.

Жобаға бірнеше мемлекеттік орган мен ұлттық компания қатысты

Цифрлық бақылау тетігін әзірлеуге Ауыл шаруашылығы министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, жергілікті әкімдіктер, "ҚазМұнайГаз", QazaqGaz ұлттық компаниялары және олардың еншілес ұйымдары атсалысты. Сонымен қатар жұмысқа "ҚазТрансОйл", Kazenergy қауымдастығы, "Қазгеодезия", Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы, Отын-энергетика кешенінің ахуалдық-талдау орталығы және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өкілдері қатысты.

Жобаны алғаш сынақтан өткізген компания – "ҚазТрансОйл". Кәсіпорын цифрлық жүйені енгізуге арналған пилоттық алаң ретінде таңдалған.

Жаңа жүйенің қандай пайдасы бар?

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл жаңашылдық жергілікті әкімдіктерге жер телімдерін беру кезінде құбырларға қатысты шектеулерді алдын ала анықтауға көмектеседі. Бұған дейін мұндай талаптарды ескермей құрылыс жүргізу қаупі болса, енді қажетті мәліметтерді кадастр жүйесі арқылы тексеруге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ жаңа тетік магистральдық құбырлардың зақымдану қаупін азайтып, апаттардың алдын алуға бағытталған.

Министрлік бұл жобаның жер қатынастары саласындағы жұмыстың ашықтығын арттырып, құбыр инфрақұрылымын қауіпсіз пайдалануға ықпал ететінін атап өтті.

Ведомство цифрлық жүйені іске асыруға атсалысқан мемлекеттік органдар мен ұйымдарға алғыс білдірді. Әсіресе, "ҚазТрансОйл" компаниясы мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының үлесі ерекше аталды.