BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Қазақстан мен Беларусь кітапхана саласындағы әріптестікті нығайтады

Дана Зарылханқызы
https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Қазақстан мен Беларусь кітапханалары арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілмек. Екі елдің ұлттық кітапханалары өзара тәжірибе алмасып, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыруға келісті. Тиісті меморандумға Минскіде өтіп жатқан халықаралық конгресс аясында қол қойылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

29-30 қазанда Беларусь астанасында «Кітапхана – мәдениет феномені» атты XIII халықаралық конгресс өтіп жатыр. Іс-шара барысында Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасы мен Беларусь Ұлттық кітапханасы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.

Келісімге сәйкес, екі елдің кітапханалары кітаптар мен ақпараттық ресурстар алмасып, бірлескен көрмелер мен мәдени-ағартушылық жобалар ұйымдастырады. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің кәсіби тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік жасалады.

Қазақстанның кітап оқу мәдениетін дамыту тәжірибесі таныстырылды

Конгрестің пленарлық отырысында Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова баяндама жасады. Ол кітапханалардың қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталып, Қазақстанда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Баяндамада кітапханаларды жаңғырту, қазақстандық жазушылардың шығармаларын қолдау және халықтың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселелері қамтылды. Сонымен қатар оқырмандардың кітап оқу әдетіне қатысты зерттеу нәтижелері таныстырылды. Күміс Сейітова кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдырудың маңызын атап өтіп, кітапхана қызметін цифрландыру бағытындағы бастамаларға назар аударды.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Беларусь өкілдері өзара байланысты одан әрі дамытуға уағдаласты. Алдағы уақытта меморандум аясында ортақ жобалар жүзеге асырылып, кітапхана ісіндегі тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары