BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Қазақстан NVIDIA көмегімен жасанды интеллект мамандарын даярлайды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстанда жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеу технологиялары бойынша мамандар даярлау жұмысы күшейтілмек. Ғылым және жоғары білім министрлігі NVIDIA компаниясымен бірлесіп, халықаралық оқу бағдарламаларын отандық университеттерге енгізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ынтымақтастық аясында жоғары оқу орындарының оқытушылары NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламалары бойынша даярланады. Халықаралық сертификат алған мамандар университеттерде жасанды интеллект бағытында сабақ өткізіп, студенттерге компанияның ресми оқу материалдары негізінде білім бере алады.

Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын меңгерген білікті мамандар санын арттырып, университеттердің ғылыми және техникалық мүмкіндіктерін кеңейту.

Қазақстанда NVIDIA бағдарламасына 12 университет қатысып жатыр

Қазіргі уақытта жобаның пилоттық кезеңіне еліміздің 12 техникалық жоғары оқу орны тартылған. Төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры атанып, халықаралық сертификат иеленді. Олар компанияның білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибелік сабақтар өткізуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар NVIDIA ұсынған оқу материалдарын пайдалана отырып, студенттерді оқыту басталды.

Алдағы уақытта бұл тәжірибені ел көлемінде кеңейту көзделіп отыр. Жоспар бойынша бағдарламаға Қазақстанның 100-ден астам жоғары оқу орны қосылуы мүмкін.

Саясат Нұрбек NVIDIA басшысымен кездесті

2026 жылғы 23 қазанда Астанада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангпен кездесті. Келіссөз барысында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктері, университеттерді цифрландыру нәтижелері және жаңа технологияларды өндірісте пайдалану мәселелері талқыланды.

Министр елімізде Physical AI, яғни физикалық жасанды интеллект бағытын дамытуға қатысты бастамаларды таныстырды.

Бұл технология жасанды интеллектіні нақты физикалық ортамен байланыстырып, роботтардың жұмысын жетілдіруге, өндірістегі түрлі жағдайларды алдын ала модельдеуге және күрделі инженерлік шешімдерді виртуалды кеңістікте сынауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелерді тау-кен өндірісінде, энергетикада, көлік саласында және өнеркәсіптің басқа бағыттарында пайдалануға болады.

Қазақстанда NVIDIA Physical AI Hub орталығын ашу ұсынылды

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында NVIDIA Physical AI Hub өңірлік орталығын құру бастамасы. Жоба жүзеге асқан жағдайда орталық жасанды интеллект саласындағы білім беру, ғылыми зерттеу және жаңа технологияларды тәжірибеден өткізу жұмыстарын біріктірмек.

Студенттер мен зерттеушілер NVIDIA Omniverse және Isaac платформаларын пайдаланып, өндірістік нысандардың цифрлық егіздерін әзірлей алады. Сондай-ақ робототехникалық жүйелерді сынақтан өткізуге, өндірістік процестерді виртуалды ортада модельдеуге және инженерлік жобалар дайындауға мүмкіндік туады.

Орталықта оқытушыларды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлау, сертификаттау және университеттік зертханалардың жұмысын дамыту да жоспарланған. Бастама отандық ғылыми жобаларды нақты өндіріс жағдайында сынауға, жаңа технологияларды кәсіпорындарға енгізуге және еңбек нарығында сұранысқа ие инженерлер мен IT мамандарын даярлауға бағытталған.

Қазіргі уақытта орталықты ашудың ұйымдастырушылық мәселелері мен ынтымақтастық шарттарын NVIDIA компаниясымен бірлесіп нақтылау көзделіп отыр.

Жобаның жүзеге асуы Қазақстан университеттерінің ғылыми әлеуетін арттырып, жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары