BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Қазақстанда 625 ұйым әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша елімізде 625 ұйым тиісті лицензия алған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Министрліктің мәліметінше, лицензия алған ұйымдардың 463-і коммуналдық мемлекеттік мекеме болса, қалған 162-сі үкіметтік емес ұйымдарға тиесілі. Жалпы осы уақытқа дейін 707 лицензия берілген.

Елімізде арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Жаңа талап мемлекеттік мекемелерге де, жекеменшік ұйымдарға да бірдей қолданылады. Оның басты мақсаты – көмекке мұқтаж азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қазір Қазақстанда 108 мыңға жуық адам арнайы әлеуметтік қызмет алып отыр. Олардың арасында мүгедектігі бар азаматтар, қарттар, баспанасыз қалған адамдар, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер және әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де тұрғындар бар.

Лицензия алу үшін ұйымдар бірқатар талапты орындауға міндетті. Атап айтқанда, қызмет көрсетілетін ғимараттар санитариялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай болуы керек. Сондай-ақ мүгедектігі бар және қозғалысы шектеулі азаматтардың ғимаратқа еркін кіріп-шығуына, бөлмелер мен санитариялық орындарды кедергісіз пайдалануына жағдай жасалуы тиіс.

Бұдан бөлек, мекемелер қажетті жиһазбен, құрал-жабдықтармен және басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етілуі қажет. Қызметкерлердің саны белгіленген нормативтерге сәйкес келіп, мамандардың кәсіби біліктілігі тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

Талаптар көрсетілетін қызметтің түріне қарай ерекшеленеді. Мәселен, стационарлық және жартылай стационарлық мекемелер заңнамада белгіленген жағдайларда қызмет алушыларды тамақпен қамтамасыз етуге міндетті. Ал үйде әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдарға ғимарат пен жабдықтарға қатысты кейбір талаптар қойылмайды.

Лицензия алуға өтінім Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы онлайн қабылданады. Ұйымдар қажетті құжаттарды электронды түрде тапсырады. Олардың талаптарға сәйкестігін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері тексереді.

Қажет болған жағдайда жауапты мамандар ұйым орналасқан жерге барып, қызмет көрсету жағдайын бағалайды. Егер мекеме белгіленген талаптарға сай келмесе, лицензия берілмейді. Алайда анықталған кемшіліктерді түзеткеннен кейін қайта өтінім беруге мүмкіндік бар.

Министрлік лицензиялау жүйесі әлеуметтік көмек алатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Ұйымдар лицензия алғаннан кейін де қауіпсіздік пен қызмет сапасына қатысты талаптарды тұрақты түрде сақтауға міндетті.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары