BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы 2027 жылы басталмақ

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі атом энергетикасының қуатын үш есеге арттыру жөніндегі халықаралық бастаманы қолдайтынын тағы да растады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров 12 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында өткен жиында мәлімдеді.

Министр Қазақстанның аталған бастамаға 2024 жылы Бакуде өткен COP29 конференциясында қосылғанын еске салды. Оның айтуынша, атом энергетикасын дамыту еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспарымен үндеседі.

Қазақстан 2009 жылдан бері әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел саналады. 2025 жылы елімізде шамамен 25,8 мың тонна уран өндірілген. Бұл әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығын құрайды. Қазіргі жоспар бойынша Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталмақ. Жоба аясында жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі энергоблок салу көзделген. Сонымен қатар екінші АЭС құрылысына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Министр атом энергетикасын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық мамандар даярлауға, ғылым мен технологияны өркендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Алайда мұндай жобаларды жүзеге асыру кезінде экологиялық және радиациялық қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс.

"Атом энергетикасын дамыту экологиялық талаптарды сөзсіз сақтаумен қатар жүруі тиіс. Қазақстан үшін радиациялық және экологиялық қауіпсіздік, су ресурстары мен биоалуантүрлілікті қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен жұртшылықтың шынайы экологиялық ақпаратқа қол жеткізуі басым бағыттар болып қала береді", – деді Әлібек Қуантыров.

Осыған байланысты АЭС жобаларының қоршаған ортаға әсерін жан-жақты бағалау, ауа, топырақ пен жерасты суларының жағдайын тұрақты бақылау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ уран өндірілген аумақтарды кейін экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру мәселесі көтерілді.

Қазақстан атом энергетикасы саласында Франциямен ынтымақтастықты да кеңейтуді көздеп отыр. Екі ел ғылыми зерттеулер, мамандар даярлау, озық технологияларды енгізу және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі.

Жиын соңында министр әлемдік атом энергетикасының қуатын арттыру үшін жаңа реакторлар салумен қатар, инвестиция тарту, ядролық отын жеткізу жүйесін нығайту және білікті мамандар даярлау маңызды екенін атап өтті.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары