Қазақстанда білім гранттарына 1,5 трлн теңге бөлінді
Қазақстанда соңғы жеті жылда жастардың жоғары білім алуына 755 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Осы мақсатқа бюджеттен 1,5 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекет жастардың жоғары білім алуына жағдай жасап, студенттерге көрсетілетін қаржылай қолдауды жыл сайын арттырып келеді. Атап айтқанда, соңғы бес жылда шәкіртақы мөлшері кемінде екі есе, ал жеті жыл ішінде 2,5 есе көбейген. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
Саясат Нұрбек Қазақстанда білім алуға ниетті шетелдік жастардың қатары да айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның сөзінше, осыдан бес жыл бұрын қолға алынған бастама бүгінде нақты нәтижесін бере бастаған.
"Шетелдік студенттерге келсек, осыдан 4,5-5 жыл бұрын бастаған стратегиямыз өз нәтижесін көрсетуде. 5 жылдың ішінде 41 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанда оқып жатыр. Бұл – тарихи рекорд. Қазақстан аймақта академиялық хаб ретінде қалыптасты деп толыққанды айта аламыз", – деді министр.
Әлеуметтік жағдайы төмен жастарға қандай қолдау көрсетіледі?
Елімізде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жастардың жоғары білім алуына да ерекше көңіл бөлініп отыр.
2023 жылдан бері мемлекеттік білім гранттарының кемінде 2 пайызы жетім балаларға бөлінеді. Бұдан бөлек, соңғы үш жылда әлеуметтік жағынан осал топқа жататын студенттерге қосымша қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, жетім балалар мен толық емес отбасыларда тәрбиеленген жастардың жатақханада тұру шығындарын өтеуге және шәкіртақыларына қосымша үстемеақы төлеуге мүмкіндік қарастырылған.
"Серпін" бағдарламасының талаптары өзгерді
Министр өңірлердегі жастардың білім алуына мүмкіндік беретін "Серпін" бағдарламасына да тоқталды. Оның айтуынша, бағдарламаның жұмыс тәртібі қайта қаралып, бірқатар өзгеріс енгізілген. Соның нәтижесінде былтыр бөлінген гранттарды игеру көрсеткіші алғаш рет 80 пайыздан асқан.
"Серпін" бағдарламасы қазір жаңа тәртіппен жүзеге асырылып жатыр. Жаңартылған талаптар мемлекеттік гранттардың тиімді пайдаланылуына және жастардың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.